22.02.2024, 9:30
Оқылды: 78

Аға толқынның айтары көп

Мемлекеттік басқару академиясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалында өткен «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші құрылымының кеңейтілген жиынына мемлекеттік қызметтегі лауазымды адамдар мен біліктілігін арттыру курсына келген жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.

1a0e7e43-00b5-401e-b654-48c00f485b3b

Алғашқы кезекте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің әрі жоғарыда айтқан консультативтік-кеңесші құрылымның тең төрағасы Мұрат Байсалов бұл басқосудың ерекшелігіне жиналғандар назарын аударды. Әрі мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді саралап, өткен мен бүгіннің арасындағы сабақтастық тінін үзбей, үздік тәжірибелерді насихаттап отырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге наурыздан бастап өңірлік кадр резервіне құжаттар қабылдау басталатындығын, іріктеу турына қатысушыларға қандай талаптар қойылатындығын айтты. Бұл жөнінде облыстық «Орал өңірі» газетінің 2024 жылғы 8 ақпандағы №12 санында аталған департамент басшысымен ауқымды сұхбат («Әр үміткерге бір өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі») ұйымдастырылғандықтан, оны қайталап жатуды жөн санамадық.

Иә жұрттың бағзыдан бергі болмыс-тірлігінде үлкендік өнеге – қоғамдық өзін-өзі басқарудың бүтіндей бір институтын құраған. Қазір заман да, заң да басқа болғанымен, аға ұрпақ салған сара жолдан тым алшақ кетуге болмайды. Атадан балаға, кейінгі ұрпаққа жалғасатын да өркенді өнеге, өрісті іс екені айтудай-ақ айтылып келе жатыр. Осы жолы да сол  игі дәстүр жалғасын тапты. Өмірден көріп-білгенін, жанына түйгенін кездесуде сөз алған қос азамат өте әсерлі жеткізді. Тыңдар құлақ пен ұғар жүрекке санаға ой саларлық біраз ғибратты сыр шертілді. Сонымен, мемлекеттік қызмет ардагері, облыста түрлі басшылық лауазымдарды абыроймен атқарған Серік Сүлеймен мен облыстық «Ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аузы дуалы, ісі мығым Мақсот Берген өздерінің өмір мектебінен алған сабақтарын, ел тәрбиесімен есеюдің тағылымдарын, қандай қиын кезде де халқымыз бірлік пен ынтымақты бірінші орынға қоя білгендігін нақты мысалдармен баяндап, мемлекеттік қызмет жайлы да ой толғады. Бабалар тілімен айтқанда, тұлпар мініп, ту ұстауға ант еткен екенсің, адалдықтың ақ жолынан адаспау шарт дегенді алға тартты ағалар. Ал мемқызметке араласқанына көп болмағанын тілге тиек етуден бастаған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов саяси жүйенің өзіндік ерекшеліктерін, осындай ашық пікір алмасудың тиімді һәм ұтымды тұстарын әсерлі әңгімеледі.

Соңында аталмыш департаменттің бөлім басшысы Дәурен Хайыров мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау қағидаттары туралы ойымен бөлісіп, орын алған бірқатар кемшілікті де атап өтті. Оның ішінде беймезгіл уақытта қызметтік көліктерін мақсатсыз пайдаланып, көзге түскендер де бар. Тоқетері, бұл бір тәлімі мол тағылымды шара болды.

Бауыржан Махутұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале