8.02.2024, 9:45
Оқылды: 42

Мұрат Байсалов: «Әр үміткерге бір өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі»

– Мұрат Сейілбекұлы, биылғы бірінші наурыздан бастап Өңірлік кадр резервіне құжаттарды қабылдау басталатындығынан жалпы хабардармыз. Дейтұрғанмен, іріктеу туралы кеңірек айтып берсеңіз, қатысушыларға қандай талаптар қойылады?

– Мемлекет басшысы алқалы жиындарда және БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында кадрлық резервті қалыптастыру және мемлекеттік қызмет жүйесінде жас әрі қабілетті мамандарды қызмет бабымен уақтылы көтеріп отыру маңызды мәселе екенін жиі айтады.

БАЙСАЛОВ

Мұрат Байсалов

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы 

Резервті қалыптастырудың негізгі мақсаты – өңірдің даму қарқынына лайықты үлес қоса алатын, қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын лайықты да қабілетті жастарды іздеу. Іріктеу салалық бағыттар бойынша жүргізіледі. Бағыттар өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып айқындалған. Маман іріктеу бірқатар салалық бағыт бойынша өтеді. Атап айтқанда, индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология салалары бойынша жүргізіледі. Үміткерлерге қойылған талаптарға сәйкес, маман іріктеу үрдісіне 35 жасқа толмаған, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары  қатыса  алады.

Өңірлік резервке алынған адамдар, сайланатын лауазымдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда жергілікті атқарушы құрылымдарда (органдарда) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қызметке тұра алады. Үміткердің резервте болу мерзімі 2 жылды құрайды.

– Үміткерлер резервке ілігуі үшін қандай сынақ-кезеңдерден өтуі керек?

– Президенттің Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес іріктеу бес кезеңнен тұрады (Президенттің 2023 жылғы 15 маусымдағы №255 Жарлығы).

Бірінші кезең – құжаттарды қабылдау 1-31 наурыз аралығында онлайн режімде onir.pkrezerv.gov.kz арнайы сайтында жүргізіледі.

Егер кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.

Екінші кезең – заңнаманы білуге және жеке қарым-қабілетін бағалауға тестілеу. Тестілеу Мемлекеттік басқару академиясы филиалының тестілеу залында офлайн сипатта (форматта) екі блокта өтеді.

Заңнаманы білуге қатысты тестілеу ҚР Конституциясын, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарды білу деңгейін тексеруді қамтиды. Бұл сынақты тапсыруға үміткерлерге 55 минут беріледі және тестілеу 5-9 сәуір аралығында өтеді.

Жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуге ең жоғары балл жинаған, бірақ ұзын-саны 120-дан аспайтын кандидаттар, яғни заңнаманы білу бойынша тестілеуді тапсырған үміткерлердің 50%-ы өтеді. Дегенмен, үміткерлердің жинаған балы біркелкі болып және олардың саны 120-дан асып кетсе, комиссия мүшелерінің ұйғарымымен олардың бәрі де келесі кезеңге жіберілуі мүмкін.

Тестілеу күйзеліске (стреске) төзімділік деңгейін, бастамашылдықты, жауапкершілікті, қызметті тұтынушыға бағдарлануды және оны хабардар етуді, парасаттылықты, өзін-өзі дамытуды, жеделдікті, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды және үміткердің өзге де қасиеттерін анықтауға арналған тапсырмаларды қамтиды. Үміткерлерге осы тестілеуден өту үшін 90 минут беріледі және екінші кезеңнің екінші блогы 13-14 сәуір күндері өтеді.

Тестілеуді сәтті тапсырған үміткерлердің тізімі интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада кандидаттарды келесі кезеңге жіберу туралы шешім қабылданған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде орналастырылады.

Үшінші кезең – Астана қаласында мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн сипатта өтетін құзыреттерді бағалау (алдын ала 22 сәуір-7 маусым).

Жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған 30-дан аспайтын үміткерге мүмкіндік беріледі.

Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) анықтауға және бағалауға бағытталған, сондай-ақ топтық және жеке жаттығуларды қамтиды, олардың барысында кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.

Ассессмент-орталықтың нәтижелері бойынша әрбір кандидатқа қысқаша есептер қалыптастырылады, олар кандидаттың жеке кабинетінде орналастырылады.

Құзыреттілікті бағалау рәсімінің ұзақтығы (ассессменторталық) 6-дан 8 сағатқа дейін созылады.

Төртінші кезең – комиссиядағы құрылымдық сұхбат.

Бұл кезең кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны таныстыру сипатында (форматында) өткізіледі. Сұхбатқа 23 үміткер жіберіледі.

Презентация барысында кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, жоба-жоспарды жүзеге асыру кезіндегі ықтимал проблемаларды, күтілетін нәтижелерді тарқатып айтуы шарт.

Комиссия үміткерлерді талдау-сараптау (аналитика) деңгейі, білім тереңдігі және коммуникативтік дағдылар бойынша бағалайды.

Бесінші кезең – өңірлік комиссияның отырысы, онда резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады.

Өңірлік резервтерге алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланады.

– Мұрат Сейілбекұлы, үміткерлер Өңірлік кадр резервіне іріктеуге қатысу үшін қандай құжаттарды тапсыруы тиіс?

– Үміткерлер құжаттарды жобаның онлайн-платформасында onir.pkrezerv.gov.kz-ке тапсыра алады, үміткерді тіркеу арқылы. Ал жеке кабинетке кіру үміткердің логині мен паролі бойынша дербес жүзеге асырылады.

Іріктеуге қатысу үшін үміткерлер мынадай құжаттар топтамасын тапсыруы тиіс:

жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі, білімі туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері (шетелдік дипломдардың көшірмелеріне, заңнамада айқындалған тәртіппен осы құжаттарды тану туралы куәліктердің көшірмелері қоса беріледі), еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес), соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған іріктеу тәртібінің қосымшасына сәйкес кандидаттың қызметтік тізімі (құжаттарды тапсыру сәтінде жұмыссыз болып табылатын кандидаттар соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады), түрлі-түсті фотосурет. Бір ескерер жайт, үміткерлер құжаттарды қағаз нұсқасында немесе электронды түрде де ұсына алады.

Құжаттар электрондық пошта арқылы немесе қолма-қол мына мекенжай бойынша қабылданады: Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 201 (306-кабинет), [email protected].

Бұл ретте құжаттарды қағаздық нұсқада немесе электрондық түрде берген кандидаттар да онлайн-платформада тіркеледі және құжаттарды тапсырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде, бірақ хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдаудың соңғы күнінен кешіктірмей құжаттарды жүктейді.

Жеке кабинетте барлық құжат топтамасын тіркеп, ұсынғаннан кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайды. Әр үміткерге бір өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі.

Салалық бағыт пен өңірді өзгертуге жол берілмейді. Бір аймақта тұратын үміткерлер басқа аймақтың резервіне қабылдау үшін құжаттарды тапсыра алады.

– Өңірлік кадр резервіне іріктеудің ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі және комиссия құрамына кімдер кіреді?

– Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу кезеңі оператордың қадағалауымен бейнебақылау жүргізілетін тестілеу залдарында ұйымдастырылады. Ал құзыреттілікті бағалау кезеңі сертификатталған сарапшылармен, орталықтандырылған тәртіппен өтеді.

Құрылымдық сұхбат жүргізу кезеңінде жариялылықты, ашықтықты қамтамасыз ету үшін қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар тартылуы мүмкін. Құрылымдық сұхбаттың барысы техникалық бейнежазба құралдары арқылы  жазылады.

Өңірлік кадр комиссияларының лауазымдық құрамы Президенттің Жарлығымен бекітілген, оған комиссия төрағасы ретінде облыс әкімі, комиссия төрағасының орынбасары ретінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы, сонымен қатар облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық мәслихаттың және тексеру комиссиясының төрағалары кіреді.

– Мұрат Сейілбекұлы, қосымша ақпаратты қайдан алуға болады?

– Азаматтар Өңірлік кадр резервіне іріктеу бойынша қажетті ақпаратты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің интернет-ресурсынан ала алады www.qyzmet.gov.kz, сондай-ақ телефондар арқылы: 8 (7112) 50-92-82, 50-02-81, 8-771-596-50-19, бұған қоса әлеуметтік желілердегі департамент парақшаларынан да (Instagram – Elgeqyzmet, BQO.ONIR.REZERV.KZ, Facebook – Батыс Қазақстан Мемлекеттік қызмет) іздеген ақпараттарыңызды таба аласыз. Тіпті арнайы үміткерлер үшін BQO.ONIRREZERV телеграмбот арнасы іске қосылды. Барлық өзекті сұраққа осындай дерек-мәлімет көздерінен жауап алуға болады.

 

Сұхбаттасқан Бауыржан Әлжан,

«Орал өңірі»

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале