26.02.2024, 15:00
Оқылды: 58

Ауыз суға тұрғындар неге салғырт қарайды?

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов аудан әкімдігі «Жолаушы» мекемесінің қызметкерлерін қабылдады. Оқырманға аян, ауыз суға қатысты шешілмеген біраз түйткіл бар. Тіршілік көзі туралы аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінде «Судың да сұрауы бар немесе тұрғындар ішкен суының ақысын неге төлемейді» мақаласы жарық көрген еді.

428710538_951903256939349_7881463896734341_n

Дегенмен одан шыққан нәтиже көңіл көншітпейді. Берешектің тек қана жартысына жетпейтін бөлігі төленген. Оның үстіне тұрғындар мен мекеме басшылары судың санауышын ауыстыруға бейжай қарайды. Мерзімі өткен санауышты ауыстармау Заңды елемеуге жатпай ма? Аталған мекеменің директоры Салтанат Темірғалиева қызметкерлердің де мұң-мұқтажын жеткізді. Қарапайым халық ай сайын төлейтін судың ақшасынан жалтарса, бұл жағдай қызметкерлердің жалақысына әсер етеді екен. Яғни олар қаңтар айындағы еңбектері үшін жалақыларын ала алмай әлек.

 - Біздің жағдай хал үстінде. Аудан жұртының ауыз суға көзқарасы нашар. Мен тіпті «Жарық пен газ төленді. Суды қойшы», - деген сөздерді естіп, не айтарымды білмей қалдым. Келешегіміз не болмақ? - деді Салтанат Сағатқызы.

 Сонымен қатар мекемеге үйлерді аралап, судың жарнасын алатын қызметкерлер ауадай қажет. Осы орайда Жақсылық Каримоллаұлы мансап орталығы арқылы бір жұмысшыны тауып беруге уәдесін берді. Қабылдауға қатысқан мекеменің қызметкерлері жанайқаларын айтты. Тұрғындар оларға мүлде сыйластық танытпайды екен. Ішкенінің ақшасын төлемеу былай тұрсын, үйге келген қызметкерлерді боқтайды, есіктерін ашпайды яки қуып шығады. Бұл түйін жақын арада шешілмейін деп тұрған сияқты. Мекеме директоры Салтанат Темірғалиева аудандық мәдениет үйінде аудан жұртымен кездесу өткізетінін айтты.

 

Ақтілек Әлібек,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале