Ішкі істер органдары қызметіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі – тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев елдегі ахуалды айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілген болатын.
- Қазір әкімшілік іс нақты дерек негізінде қозғалады. Соңғы құқықтық бағаны сот береді. Егер бұрын жыл сайын құқықбұзушылық бойынша 100 мыңнан астам дабыл түссе, оның 70%-ына жуық жағдайда полиция жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты шара қолдана алмай отырды, - дейді ол.
Сондай-ақ осы арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшкеннен соң зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмыс жанданды деп атап өтті спикер.
- Өткен жылы тұрмыстық жанжал туралы 99 мың хабарлама түскен болса, онда 79 мыңнан астам құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мыңға жуық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 130 мыңнан астам профилактикалық әңгіме жүргізілді, - дейді маман.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторлары 87 мың қорғау нұсқамасын шығарды. Тәртіп сақшылары мұндай адамдарды назарда ұстайды.