Батыс Қазақстан облысында 11 мыңға жуық ірі және ұсақ малға бруцеллезге қарсы негізсіз екпе салынған. Бұл туралы 24.kz жазды.
Көрнекі фото: zhaikpress.kz
Мұндай олқылық өңірдің 4 бірдей ауданында тіркеліпті. Заңсыздықты жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері анықтап отыр. Олар екпе 1 жасқа толмаған малға салынған дейді. Ал бұл ветеринариялық талапқа қайшы. Жауапты мамандар болса бұл малдың деректер қорына кеш енгізілуіне байланысты туындаған қателік екенін айтады.
– Теректі, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Қаратөбе аудандарының ветеринариялық дәрігерлері жасы 12 айдан аспайтын малға негізсіз вакцина еккен. Бүгінгі таңда барлық кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдері біздің ұсыным негізінде жойылды, - деді БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов.
– Бұл жерде мал 1 жасқа толып кеткен ересек малдар. Жасы сәйкес келеді. Бірақ 2021-22 жылдары облысқа малды тіркеуге қою үшін бірдейлендіру бұйымдары кешігіп келді. 2021-22 жылдың бірінші жарты жылдығында келуі тиіс бірдейлендіру бұйымдары жылдың соңында келді. Соған байланысты кей малдар тіркеуге алынбай қалды, - деді БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Нұрқайыр Құсайынов.