Биыл БҚО бойынша 147 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұдан бөлек 49 авто және теміржол учаскелерін су шайып кетуі мүмкін. Ал қаланың өзінде 31 саяжай суға кетуі мүмкін. Орал қаласы маңындағы саяжайлар суға кететін жағдай болса тұрғындар қайда барады?
Бүгінде Орал қаласы бойынша су тасқынының алдын алуға қатысты шаралар жасалып жатыр. Мамандар биыл су басу қаупі бар нысандар мен үйлердің тізімін жасап шыққан.
- Орал қаласы бойынша 31 саяжайды су басу қаупі бар. Төтенше жағдай болған жағдайда зардап шеккен тұрғындарды ыстық тамақ, таза ауыз су, бірінші кезектегі керекті тұрмыстық керекті заттармен қамтамасыз ету мақсатында қаламыздағы ірі кәсіпкерлік ұйымдармен келісімдер жасалып жатыр. Бұдан бөлек тасқын судан зардап шеккен халықты орналастыру үшін 27 эвакуациялау пункті мен үш мәдениет үйі және бір спорт кешені әзірленіп жатыр, - деп мәлімдеді Орал қаласы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі жұмыс бөлімінің басшысы Нұрдаулет Илясов.
Қазіргі уақытта қала ішіндегі арықтарды қардан тазалау жұмысы белсенді жүріп жатыр. Бұл жұмысты 5 наурызға дейін аяқтау жоспарланыпты.
- Су тасқынының алдын алу жұмысына жұмылдыру үшін 1163 жеке құрам, 477 техника, 28 су соратын мотопомпа, 18 000 мың қапшық, 15 мың тонна инертті материалдар, 317 тонна дизельдік, 16 тонна бензин, 81 тонна газ көлемінде жанар-жағармай қоры әзірленді, - деді Орал қаласы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі жұмыс бөлімінің басшысы Нұрдаулет Теміржанұлы.
Қалалық әкімдіктің есебі бойынша Орал қаласы маңындағы саяжайларда 20 643 адам тұрады. Осының ішінде 16 853 адам су басу қаупі бар орындарда орналасқан. Оның ішінде 4273-і бала.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz
Фото: zhaikpress.kz