29.02.2024, 23:49
Оқылды: 99

Газетпен құрдас әже

Аудандық «Қызыл ту», «Қайнар» (қазіргі «Сырым елі») газетінде қызметтес болған бүгінде  Орал қаласының тұрғыны Сақыпжамал Рысбаева әжемен  жиі хабарласып тұрамыз.

1

Жақында Сақыпжамал әже аудан өңірінің тынысы саналатын «Сырым елі» газетіне жаздырып, тұрақты байланыс орнатуға ұйытқы болған ұжымға әжелік ақ алғысын айтып, жазба жолдапты.

Сондай-ақ жасы 94-ке аяқ басса да қолынан кітап, газет тастамайтын әдеті жас кезінен бойына дарығандығын айтқан өзінің ой-пікірлерін ақ қағазға түсіріпті.

Әженің қолға қалам алып жазған жазбасын ендеше сіз де оқып көріңіз, қадірлі оқырман.

Өзім Теректі ауданының тумасымын, - деп бастапты әже жазбасын.

Алғашқы сыныпты қазақ, латын тілінде оқығанмен, соңынан қазақ балалары аздау болғасын орыс тілді аудандағы мектепте сабақ кестесі орысша бағытта жүргізілді. Бірақ, он жасымнан кітап оқуға қызығушылығым артқан маған бұл кедергі етпеді.

Өйткені, қолыма алған әдеби кітаптарды мұқият, соңғы бетіне дейін оқуға ынталығым артқаны сонша Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сабит Мұқанов тағы басқада елге танымал жазушылардың шығармаларын мүдірместен толықтай оқып шықтым.
Жетпіс жылдай кітаппен достасқан өмірімде орыс тіліне аударылған шетелдік жазушылардың әдеби туындыларын, қазақ жазушыларының әңгіме, романдарын, «Жұлдыз» журналын, «Қазақ әдебиеті», «Орал өңірі» газеттерін үзбей оқыдым.

Сырым ауданы менің еңбек жолымдағы іздерім, газет өмірімен бірге қарбалас шаққа толы күндерім сайрап жатырған өңір.

1954 жылдың сәуір айында сол кездегі атауы «Қызыл ту» газеті редакциясына бухгалтерлік қызметке қабылданып, осы салада 35 жылдай қызмет атқардым. Жасым ұлғайған зейнеткер болсам да елде болып жатырған өзгеріс, жаңалықтарға зейін аударып, хабардар болып отырамын.

Аудандық «Сырым елі» газетін асыға күтіп, аудандағы хал-ахуалға назар аударып, түрлі жанрдағы жазылған дүниелерді тұшына оқимын.

Аудандық газеттің құрдасы ретінде газетке деген құрметім арта түспесе, ешқашан бәсеңсіген емес.

ҚР Президенті Жарлығымен 2015 жылдан күнтізбеге енгізілген 1 наурыз Алғыс айту күні жүрегі таза, жылы жүзді, мейрімді адамдарға арналған мерекелі күн болып есептелінеді.

Ал, Алғыс білдіру ол адамның бір-біріне жасаған жақсылығын, көмегін жоғары бағалап, ризашылық білдіру.
«Жаңбырмен жер көгерер, Алғыспен ер көгерер» -  дегендей ақ жаулықты әже ретінде қызметтегі ізім қалған аудандық «Сырым елі» газеті редакциясы ұжымына алғысымды айтамын,  – дейді Сақыпжамал Ғабдоллақызы.

Мүсірбек Әлібекұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале