Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова мен Теректі аудандық мәслихаты төрағасы Әлжан Нұрғалиев бүгінгі Алғыс айту күнін еңбек адамына алғыс айтудан бастады.
Ауданның қалыпты қызметі мен тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелерге арнайы барған олар ұжыммен кездесіп, еңбек озаттарына алғысхаттар табыстады.
Мерекемен құттықтау легін Әлия Биғазықызы мен Әлжан Жақсыгерейұлы аудандық электр желілері қызметінен бастады.
Бірер сағат болмаса, жарықтан бастап жылу, байланысқа дейін үзіліп қалатын электр қуатының маңызы зор екені сөзсіз. Оның қалыпты қызметін ауа райының қолайсыздығына қарамай қамтамасыз ететін электриктерге аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы алғысын айтты.
Одан соң аудан орталығындағы №12 өрт сөндіру бөлімі және Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің ұжымымен кездескен олар өзгенің қауіпсіздігі үшін өз басын тігетін өрт сөндірушілер мен төтеншеліктерге алғыс сезімін жеткізді.
Аудан орталығындағы емханада олар денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті. Бір ерекшелік - кездесуге медицина ардагерлері де арнайы келді.
Күн мен түн, жауын-шашын демей, адам жанын арашалауға асығатын ақ желеңділерге алғыс айтқан аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы жылы лебіздерін төкті.
Алғыс айту күніне орай кездесулер легін Әлия Мұханбетжанова мен Әлжан Нұрғалиев тіршілік нәрі – сумен халықты қамтамасыз етіп отырған «Теректі Таза су» ұжымында тәмамдады.
Камелия Өтеу,
фото: Балнұр Қанаева
Теректі ауданы
zhaikpress.kz