1.03.2024, 17:46
Оқылды: 107

Жаңақалада аналар форумы өтті

Бүгін Жаңақала аудандық білім беру бөлімі мен аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Пятимар жалпы орта білім беретін мектебінде көктемнің алғашқы шұғылалы мерекесі – Алғыс айту күніне орай «Бақыттың мекен – аналар мектебі» атты аудандық аналар форумы өтті.

IMG_1547 (1)

Алқалы жиынға мектеп ұстаздары, әр округтен аналар кеңесінің төрайымдары, қамқоршылық кеңес пен ата-аналар комитетінің мүшелері қатынасты.

IMG_1543

Мектеп фойесіне жиналған қонақтарға мерекелік тренинг ұйымдастырылып, бір-біріне алғыс айтудан басталған шарапатты шара арнайы әсемделген кабинетте жалғасын тапты. Барша ананың құрметіне Пятимар ауылдық мәдениет үйінің жанындағы «Асыл әжелер» әжелер ансамблі «Ана туралы жыр» әнін әуелете шырқады. Форум мектеп директорының тәрибе ісі жөніндегі орынбасары, медиатор, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гүлсім Қазыбекқызы жүргізіп, алғысөзді Пятимар ауылдық округінің бас маманы Фарида Тілешоваға ұсынды. Фарида Ермекқызының құттықтауынан соң аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Сапарова сөз кезегін алып, баланың дүниедегі бар жақсылық атаулыны ана жүрегінің жылуынан, жүзінен төгілген мейірімінен алатындығын және ұлағатты анадан салиқалы ұрпақ өрбитінін айта кетті. Аудандық білім беру бөлімінің тәрбие саласы бойынша әдіскері Жадыра Бақытжанқызы қазір барлық мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы еніп, нәтижесінде әкелер, аналар, аталар мен әжелер мектебі ашылып, бүгінде ата-аналар мектеп өміріне белсене араласатынын қуана жеткізді. Сондай-ақ жиында «Бала тәрбиелі болу үшін не қажет?», «Қазіргі заманның басты мәселесі – ажырасудың себептері», «Ер бала тәрбиесінде ананың рөлі қандай?», «Келін мен ене арасындағы қатынас» тақырыптары төңірегінде қойылған сауалдарға қатысушылар ойға оралымды, көңілге қонымды пікірлерін ортаға салып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале