Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде дзюдо күресінен 2010-2012 жылы туған және одан да кіші жасөспірімдер арасында аудан чемпионаты өтті.
Жарысқа қатысушы Саралжын, Қоскөл, Қаратөбе Жусандыой, Сулыкөл ауылдарының дзюдошылары залда сапқа тұрды. Ең әуелі еліміздің Әнұраны орындалды.
Жасөспірімдер арасындағы аталмыш чемпионаттың ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден құттықтау сөз сөйлеп, жасөспірім спортшыларға сәттілік тіледі.
- Жасөспірімдердің денсаулығының зор болуына, Салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жас өрендердің спортқа қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ауданымызда дзюдо күресін дамыту, оның кеңінен таралуына қолдау көрсету мақсатында және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғанына 45 жыл толуына орай жасөспірімдер арасында өткелі тұрған аудандық чемпионатқа қош келдіңіздер!, - деді Мәулен Аманшаұлы.
Жарыстың бас төрешісі Мағжан Серіков жас жеткіншек спортшыларды чемпионат ережесімен таныстырды. Дзюдошылар 29, 32, 35, 38, 42, 46, 50 және 50-ден жоғары салмақта күш сынасты.
Жарыс қорытындысында 29 келі салмақта Қаратөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдошылары Жігер Мәлік бірінші орынды жеңіп алып, жарыс жеңімпазы атанса, Қайсар Қайратұлы жүлделі екінші орынды иеленді. Үшін орындарға Ерхан Ренатұлы мен Ақылбай Рысбек табан тіреді.
Ал, 32 келі салмақ дәрежесінде күштілігін танытқан саралжындық Бейбарыс Бердіғали бірінші орынды жеңіп алды. Екінші бір саралжындық спортшы Азим Сахипов жүлделі екінші орынды иеленсе, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен Қалиолла Алинұр мен қоскөлдік Оразбай Дінмұханбет үшінді орындарды місе тұтты.
35 келі салмақта бақ сынасқандар арасында спорт мектебінен сайысқа түскен Аман Бегалиев жеңімпаз атанса, қоскөлдік Нұрым Қайыров жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Ал, үшінші орындарды саралжындық Еленбай Ернұр мен төлендік Бауыржан Беколжас иеленді.
38 келі салмақ бойынша шебер күрес көрсеткен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жатығушысы Құдайберген Дарын жарыс жеңімпазы атанса, жүлделі екінші орын сулыкөлдік Бексұлтан Самитке бұйырды. Ал, екі бірдей үшінші орындарды саралжындық Айдос Дулатұлы және қоскөлдік Бейбарыс Кенжин еншіледі.
42 келі салмақта бақ сынасқандар арасында шебер әдіс-айласымен қоскөлдік Ерболат Болат бірінші орынды бағындырса, саралжындық Жауынбай Алихан жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орындар қоскөлдік Жасқайрат Жәлелов пен спорт мектебі атынан күш сынасқан Досхан Бекболатұлына бұйырды.
46 келі салмақ дәрежесінде сулыкөлдік спортшы Жоламан Мейірім қарсыластарын тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы болса, екінші орын саралжындық Алдияр Дулатұлына бұйырды. Екі бірдей үшінші орындарды спорт мектебінің жаттығушысы Тимур Әділет пен Төлен ауылынан келген Жұма Ғазез иеленді.
50 келі салмақтан бірінші орынды Мансұр Жұбанғалиев, екінші орынды спорт метебінің жаттығушысы Аманғали Ақниет, үшінші орынды қоскөлдік Құбаш Жангелді иемденді.
50 келіден жоғары салмақ дәрежесінен бірінші орынды саралжындық Ақпан Әнесов жеңіп алса, жүлделі екінші орын спорт мектебінің жаттығушысы Төлеген Нұрбақытқа бұйырды. Ал үшінші орындарды қоскөлдік Ералы Тайтенов пен сулыкөлдік Сансызбай Бекарыс қанжығаларына байлады.
Жарыс жеңімпаздары диплом және медальдармен марапатталды.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы