Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы қызметкерлері Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің сайлауына қатысып таңғы сағат 9-ға дейін толықтай дауыс беріп болды.
Аудан басында 4 кітапхана, барлығы 37 қызметкер бар. Сондай-ақ Шоқтыбай, Ұрысай, Қызылкөл ауылдарындағы кітапханалар қызметкерлері де толықтай дауыс берген. Ұжым мамандарының ауызбіршілігі, жауапкершілігі осындай маңызды күнде тағы бір дәлелденді.
-Біз әркез бірлік пен татулыққа, өркендеу мен дамуға ұмтылып, сол үшін аянбай еңбек ететін елміз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, кез келген жүкті жұмыла көтеріп жеңілдете білетін халықпыз. Бүгінгі ауылдық округ әкімдерін сайлауға да бір адамдай атсалысу керекпіз. Біздің ұжымның қызметкерлері өз мүмкіндіктерін пайдаланып, алғашқылар қатарында болып таңдау жасады. Бұл ауыл тұрғындарына үлгі болады деп ойлаймыз,- дейді мекеме басшысы Гүлмира Макарқызы.
- Отансүйгіш азамат, азаматшалар, елжанды жастар ретінде әрдайым алда жүріп, басшы қызметіне лайық адамды өзіміз тікелей таңдауға мүмкіндік беретін сайлауға қалмай барып, өз таңдауымызды жасау біздің басты міндетіміз деп білемін,- дейді аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкері Назира Садықова.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы