Жуырда Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханада өлеңге жаны құштар жас Асылбек Қуанышқалиевтің «Өмірге ғашықтық» атауымен жыр кеші өтті.
Аталған іс-шарада өлең әлеміне енді-енді қадам жасап келе жатқан жас ақын туралы бейнебаян көрсетілді. Бұл кеш облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының «Таланттар тоғысқанда» тифлотурне жобасы аясында ұйымдастырылған. Асылбек Қуанышқалиевтің тұңғыш жыр жинағы 2022 жылы «Жүрек сөзі» атауымен жарық көрген. Былтыр жыр жинағын насихаттау мақсатында Орал қаласындағы жоғары оқу орындарында кештер өткізіліпті. Жыр кешіне «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жұбантанушы, ардагер ұстаз Үзілдік Елеубаева, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев, әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі Нұрлан Едігенов пен өлеңсүйер оқырмандар қатысты. Іс-шара барысында өлеңге жаңа-жаңа қанат қаққан жаспен сұхбат ұйымдастырылып, шығармашылығына қатысты сауалдар қойылды.
– Бүгінгі кеште жас оқырмандардың көп екенін көріп, қуанып отырмын. Бір жас дарын жарыққа ұмтылып, бойындағы шығармашылық қабілет-қарымын танытып жатса, іштей риза әрі тілекші боламын. Сондықтан да ұлттың әдебиеті мен мәдениетінің негізін қалайтын жастардың қашанда төрден көрінуін тілеймін. Өңірдегі әдеби кештердің бірінде Асылбектің өлең оқығанын көріп, болашақта шығармашылыққа ден қоятын жас деп қабылдадым және солай үміттенемін. Ал жыр жинағын жақында арнайылап оқығанда, шығармаларынан жастық шақтың лебін сездім, – деген Үзілдік Елеубайқызы жас дарынның шығармашылығына сәттілік тілеп, батасын берді.
Әрі қарай іс-шараға қатысқан студенттер Асылбек Қуанышқалиевтің «Шыңғырлаудың аруы», «Қалмады басқа амалым», «Шынайы сезім», «Жыр жазсам» сияқты өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ ол бірнеше әнге сөз жазып үлгеріпті. Кеш барысында жас әнші Тұңғиық Садиқ оның сөзіне жазылған «Мінезің мезгіл» әнін және Шапағат Сәкенұлы «Жаным әке» әнін шырқап, қатысушылардың қошеметіне бөленді. Сонымен қатар іс-шарада шығармашылық бағытта ойындар ұйымдастырылып, оған өлеңге жаны құмар жас оқырмандар белсене қатысты. Кеш соңында Асылбек Қуанышқалиев қолдап келген аға буын өкілдеріне және студент жастарға алғысын айтты.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»