8.03.2024, 9:05
Оқылды: 40

Көздіғаралық сұлу сантехник

Сырым ауданына қарасты Көздіғара негізгі мектебінде сантехник болып әйел адам жұмыс жасайтынын естігенде, ерекше мамандықты таңдаған жан туралы жазуды жөн көрдік.

WhatsApp Image 2024-03-06 at 16.42.44

Табиғатынан жаны нәзік, рухы асқақ әйел заты ешқандай саланы жатсынған емес. Бүгінде олар үйдегі тірліктен бөлек, түздегі шаруаны дөңгелетіп жүр. Еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа білек сыбана кіріседі.

Нәзікжанды сантехниктің есімі – Майра Ермекқалиқызы Есмағанбетова. 2019 жылдан бері осы мамандық бойынша жұмыс жасауда. Шынына келсек, бүгінгі күні қоғамда бір шеге қаға алмайтын, кранның түбінен су тамшыласа да қолынан ештеңе келмейтін, не даланың, не қаланың шаруасына қыры жоқ ақсаусақ жігіттер көбейді.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Үйреніп, меңгеріп алдым. Түрлі кілттерді бұрау, темір құраыл-сайманмен жұмыс істеу – күнделікті тірлігіме айналды. Жылыту маусымы басталар кезде, жылу батареялрын тексеріп, суын ағызып, ауасын шығарамын.Тұрбалардың сау ағып тұрған жерлерін тексеріп, бітеймін. Жұмыспен қоса отбасымды да алып келе жатырмын. Балаларымды да тәрбиелеп отырмын,- дейді кейіпкеріміз.

Батыл да қайсар, ауыр жұмыспен бетпе-бет келуден қаймықпаған ержүрек әйел еңбек жолында абырой биігінен көріне білді. Ауыр деу жоқ, қара темірпен достасты.

Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен сантехник ханымға Көздіғара мектебіндегі әріптестері де риза.

Майра Ермекқализының мамандығын естігенде, көбі елең етіп, қызығып, кейбірі риза болып жатады екен. аудандық ауруханадан медициналық тексерістен өткенде кабинетке: «Әйел сантехник, сіз кіріңізші»,- деп шақырғанда, кезекте отырған ерлер таң қала қарайды екен.

Майра Ермекқалиқызы – көп балалы ана. Ер азаматы Төлеу Барасовпен ірге төрт баланы дүниеге әкелді. Үлкен қызы Мағрипа Атырау қаласында тұрмыста. Мағрипадан екі жиен сүйіп отыр. Одан кейінгі ұлы Темірланнан екі немере көріп отыр. Келіні Шамшырақ Көздіғара негізгі мектебінің жас маманы, математика пәнінің мұғалімі. Үшіншісі Илияс – студент, Орал қаласындағы газ, мұнай салалық технологиялар колледжінде мал дәрігері мамандығы бойынша білім алуда. Төртінші перзенті – Диас Көздіғара негізгі мектебінде 8-сыныпта оқиды.

Майра Есмағанбетова басқа жеңіл мамандықты таңдауды ешқашан ойлаған емес. Сүйікті мамандығы бойынша зейнетке шыққанша еңбек етуді көздейді. «Мен сантехник болып қызмет атқаратын мектептен енді немерелерім білім алса» дейді ол.

Сүйіп істеген жұмыстың жемісі тәтті. Қасиетті Көзідғара топырағынң өжет қыздаы Майра жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарынан ләззат алады. Ер адамдармен иық тіресе жұмыс істегенмен, ол отбасында ардақты ана, сүйікті жар, бақытты әже. Ең бастысы – әйел бақытын сезініп отырған жан.

Шынар Молданиязова, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале