12.03.2024, 10:00
Оқылды: 54

Пара волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты медальдары сарапқа салынды

Жуырда Орал қаласында тірек-қимыл аппараты зақымдалған мүмкіндігі шектеулі жандар, яки ардагерлер пара волейболды отырып ойнаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты медальдарын сарапқа салды.  Оған Астана, Шымкент қалалары, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының командалары қатысты.

1

– Қаламызға жиналған пара спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймайды. Олар барлығымызға үлгі болады. Спортпен шұғылдану үлкен ерік-жігерді, шыдамдылық пен табандылықты қажет етеді.  Елішілік бәсекеге осынша команданың жиналуы, ең алдымен, спортшылардың, олардың жаттықтырушыларының және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубтарының еңбегі. Елімізде саламатты өмір салтын насихаттау, дені сау ұлт құру мақсатында жаңа спорт ғимараттарын салу және спорт кешендеріне жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Биыл пара спортшыларға арналған кешенді пайдалануға береміз. Ол параолимпиадалық спорт түрлерінің дамуына өз септігін тигізері сөзсіз. Барлық командаға сәттілік тілеймін. Шын мықты жеңіске жетсін, – деді чемпионаттың ашылуына келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин.

Үш күнге созылған пара волейболшылар бәсекесі қызықты ойындарға толы болды. Қорытындысында үшінші орын Астана қаласының, екінші орын Ақтөбе облысының командаларына бұйырса, бас бәйгені Қызылорда облысының командасы жеңіп алды.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале