Жәнібек ауданының әкімдігінде аудан әкімі Тимур Шиниязовтың төрағалығымен кеңейтілген лездеме өтті. Жиынға мекеме, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты. Аудан басшысы Тимур Серікұлы халықтың қалауымен сайланған Күйгенкөл ауылының әкімі Асылбек Базарбаевты таныстырды. Сон соң күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға көшті.
Күн тәртібіндегі мәдениет және спорт салалары бойынша жыл бойы атқарылатын іс-шаралар, аталып өтетін мерекелік күндер туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев баяндады. Қазақтың 22 наурыз, яғни жаңа жыл мерекесіне орай жауапты мекеме, бөлімдерді атап, жылдағыдан да жоғары деңгейде ұйымдастыруға шақырды.
Содан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев 2023-2024 оқу жылдарында оқушылардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру және білім беру ұйымдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар хақында тарқатты. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Баянсұлу Атошева аталған мәселеге ой қосты.
Жиында ауданда күрмеуі шешілмей тұрған мәселелердің бірі мерзімді әскерге шақыру сөз болды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Райымбек Таубаевтың айтуынша, тізімдегі жастармен жұмыстану әбігер. Бұл ретте аудан әкімі Тимур Шиниязов ауыл әкімдеріне қатаң ескертті һәм бөліммен бірігіп іс қылу керектігін баса айтты.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы