16.03.2024, 0:00
Оқылды: 62

Үлкендердің ақ батасын алған күн

«Наурызнама» онкүндігі бойынша 15-наурыз Қайырымдылық күні атап өтіледі. Бұл күні, әр тіршілік иесіне мейірімділікпен қарау, қайырымдылық жасау сынды қазақ халқының бойына сіңген ең игі қасиеттері іс жүзінде ерекше көрініс табады. "Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін" десе де, жақсының жақсылығын айтқан жөн.

IMG-20240315-WA0067

Шыңғырлау ауданында осы күн аясында әр түрлі шаралар өткізілді. Шыңғырлау аудандық кітапхана ұжымы Бекжановтар әулетіне, көпбалалы ана Аймира Мұхамбедиеваның жанұясына барып «Наурыз қоржын» сыйлықтарын табыстады. Ақшат ауылдық кітапханасы қызметкерлері еңбек ардагерлері Роза Едресова мен Нұрзия Миралиеваның шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.

IMG-20240315-WA0066

Ақтау ауылдық округінде де округ әкімі Руслан Тасименов ауылдың құрметті азаматтарын, бірқатар үлкендерін мейрамдарымен құттықтап шықты. Ақбұлақ ауылдық округінде Тасмола мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бекболат Файзулин бір топ оқушыны ертіп, ауыл үлкендерінің үйлеріне барып, үй айналасын қардан тазартып берді. Осындай игі істер басқа да ауылдық округтерде көрініс тапты.

Аудан орталығында такси жүргізушілері бүгін тегін қызмет көрсетті. Аталған ізгі істерді іске асырған жандар үлкендерді бір марқайтып, ақ батасы мен ризашылықтарын алды. Осылайша бүгінгі «Қайырымдылық» күнінде мерекенің құндылығы ерекше сезілді.

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы 

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале