16.03.2024, 12:00
Оқылды: 56

Министрге мәселелер айтылды

Батыс Қазақстан өңіріне іссапармен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 15 наурыз күні облыстық мәслихатта жергілікті тұрғындармен және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

IMG-20240316-WA0103

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырып жүрген экологиялық проблемаларды тілге тиек етіп, министр мырзаға ұсыныс-тілектерін жеткізді. Олардың кейбір сұрағына облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов те жауап беріп отырды.

IMG-20240316-WA0107

Жиынға қатысқандар киіктің шектен тыс көбейіп бара жатқанын, олардың тұяғына мал азығының тапталатынын айтты. Оған қоса тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу жайында сөз өрбітті. Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Нағим Тәжімұратов полигон салдарынан жерлестерінің зарбап шегіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жерге ракета құлағандықтан, қалдықтары жан-жаққа шашырап, шұңқырлар пайда болады. Қалдықтардың шашырағаны ештеңе емес, өрттің тұтануына себепші болады екен. Шұңқырды бітеп, қалдықтарды жинауға ешкім бел шеше кірісе қоймаған. Ол сөзінің дәлелі ретінде бейнежазбаны көрсетіп еді, Ернар Нұралыұлы осы материалды өзімен бірге әкетіп, әріптестерімен кеңесетінін жеткізді. Жиынның басқа да қатысушыларының сауал-сұрақтарына министр байыпты қалпымен салмақты жауап қайырды.

– Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023 жылы түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі 124,5 мың тоннаны құрады. Оның 23,1 мың тоннасы (18,6%) қайта өңделді. Осы саладағы мәселелер жүйелі негізде Үкімет деңгейінде талқыланып, нақты тапсырмалар беріледі. Барлық өңірлердің әкімдіктеріне коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. 2023 жылғы көктемдегі есеп бойынша Қазақстандағы төлдеу алдындағы киіктердің саны 1 915 000-ды құрады. Киіктердің санын реттеу жөніндегі іс-шараларды биыл қыркүйектен бастап қарашаға дейін жалғастыру жоспарлануда. Жалпы мен осы жүздесуде қозғалған мәселелермен жақсы таныспын, – деді Ерлан Нысанбаев.

Кездесу брифингке ұласып, министр жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де сұрақтарына толыққанды жауап қатты.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz 

Суреттерді түсірген: Мәди Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале