Биылғы жылы Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болды. Бүгін 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ретінде аталып өтілуде.
Ата, әке және баланың арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, отбасындағы ата өсиетін тыңдап өскен әке рөлін көрсету, ұлттық құндылықтарымызды тәрбие негіздеріне ала отырып қайта жаңғырту мақсатында 14 наурызда аудандық мәдениет үйінде «Әкеден қалған өсиет» атты байқау өтті.
Байқауда әр ауылдық округтен атасы, әкесі және ұлынан құрылған топтар бақтарын сынады.
Шараның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Талғат Асқарұлы байқауға қатысушылары мен жиналған қауымды Амал мерекесімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің мәселесіне тоқталып өтіп, ұлттық тәрбиенің маңыздылығы туралы айтып өтті.
Байқау төрт кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде қатысушылар жеті атасын айтып көрікті оймен өздерін таныстырса, одан кейінгі кезеңдерде ат-әбзелдерін жасау, салт-дәстүрімізге қатысты сұрақтарға жауап беріп, соңғы кезеңде өнерлерін паш етті.
Әділқазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысы бойынша жүлделі I орынды тасқалалық Юсуповтар отбасы иеленіп, II орынға мерекелік Балғазиевтер отбасы, ал III орынға амангелділік Алдабергеновтар отбасы қол жеткізді.
Өзге отбасылар байқау дипломанттары атанып, алғысхаттармен марапатталды.
Болат Бек,
Тасқала ауданы