Бөкей ордасы ауданына қарасты Ұялы ауылдық мәдениет үйінде «Мәдениет, ұлттық салт-дәстүр» күніне орай жасөспірімдер арасында бес асық ойыны ұйымдастырылды.
Қазақтың баһадүр ұлы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «Асық ойыны – үлкен халықтық тәрбие. Ұлтымыздың дәстүрі мен мәдениетінің бастауы».
Асық – қазақтың ерте заманнан келе жатқан спорттық ойындарының бір түрі. Жолаушы адамның жолдан аман оралуына асық үйірген. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрінің асығын іледі. Бәле-жаладан аулақ, шымыр-қайратты болсын дегені екен.
Қыз болса, бесігіне еліктің асығын тағады.Сұлу, көрікті болып бойжетсін деп ырымдаған.
Келіні құрсақ көтергенде атасы мен әжесі ырымдап асық жинайды. Онысы ұл тілегені.
2017 ж ЮНЕСКО асықты қазақтық ұлттық ойыны ретінде адамзаттың материалды емес құндылығы тізіміне енгізілді. Бұл әрине қуантатын жайт, өзге ұлттық ойындарға қарағанда асық ату, бес асық ойыны қарқынды дамып келеді. Қазіргі жасөспірімдер асық ойнаса мидың жақсы жұмыс жасап, қолдың ептілігі дамиды, шапшаңдығын шыңдайды.
Шараны Ұялы ауылдық мәдениет үйі директоры Т.Оразғұлов, «Орда спорт» клубының Ұялы ауылдық округі нұсқаушысы Ә.Омаров ойынның маңызын, тарихын әңгімелеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мәдени қызметкер Әйгерім Бекқали балаларға ойын шартын түсіндірді. Бес асық ойынын тез меңгерген жасөспірімдер ойынға қызыға кірісті. Ойын соңынан тәттілер ұсынылып, би де биленді.
Анар Әнуар,
Бөкей ордасы ауданы