22.03.2024, 17:46
Оқылды: 106

Казталовта Наурыз мейрамы жаңаша тойланды

Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтын күрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Сарыөзен мен Қараөзенді ерітіп, ақ бұлақтарды ақтартып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып Ұлыстың ұлы күні — Наурыз келіп жетті.

20240322055847_IMG_2605

Ұлыстың ұлы күнінде Казталов ауданы орталығының тұрғындары мен қонақтары «Достық» орталық саябағына жиналып, Наурыз мейрамын тойлады. «Бақ берекем, Құт мерекем – Әз Наурыз» атты мерекелік көпшілік шараға Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер, ауыл тұрғындары қатысты.

20240322055603_IMG_2594

Мереке күні «Достық» саябағында ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылған. Түтіні будақтаған қазан-ошақтарда қуырдақ, бауырсақ қуырылып, жиналған көпшілікке қазақ халқының ұлттық тағамдары мен наурыз көжеден дәм тату бұйырды. Сонымен бірге жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды.

20240322054954_IMG_2579

Мереке шымылдығы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздары дайындаған театрландырған керемет көріністермен айшықталды. Сахнадан өнерпаздар кереней дауысымен көпшілікті шақырса, Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің бишілері мың бұралап билеп, думанды тойдың маңызын арттырды. Теңелген Күн мен Түн де ортадан табылса, Наурыз ауру шашу шашты. Мерекелік алаң ортасына орын алған Тайқазанда наурыз көше дайындалып, жиналған көпшілікке ұсынылды. Көрініс соңында құт пен береке дарытқан Қыдыр ата мен Ұмай ана Наурыз батасын берді.

Аудан жұртшылығын Наурыз мерекесімен құттықтау үшін сахна төріне Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов көтеріліп, ыстық лебізін жолдады.

- Құрметті жерлестер! «Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Яғни, Әз Наурыз – нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттер осы ұлық мерекеде көрініс тапқан. Біз – ата жолын жалғаған жұртпыз» -деп Наурыздың идеологиялық рөлін атап кеткен болатын Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық Құрылтайда Наурыз мейрамына ерекше мән беріп, биылғы наурызды ұлттық деңгейде, кең көлемде атап өтуге шақырды. Былайша айтқанда, Наурыз мейрамына ерекше ұлттық идеологиялық басымдық берілді. Осыған сәйкес елімізде 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі жарияланған болатын. Бұл ұлттық бірегейлігімізді сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Қадірлі ағайын! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызда «Байлық – байлық емес, бірлік - байлық» деген сөз бар. Наурызда бірлік пен ынтымақ айқын көрініс табады. Осы асыл қасиеттер арқылы еліміздің де Тәуелсіздігі бекем болып, ел іргесі берік болмақ.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыстар тілеймін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деген ақжарма тілегін жеткізді.

20240322061538_IMG_2617

Саябақта концерттік бағдарламамен қатар аудандағы мекеме ұжымдары жағалай тігілген киіз үйлерде наурыз көже мен ыстық қуырдақ, бауырсақ үлестірілді, дастархан жайды. Жұртшылық әр киіз үйге кіріп, дәмнен ауыз тиіп жатты.

Шара барысында асық ату, нысана көздеп, садақ ату, күш сынасу, қой көтеру және тағы басқа да ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді.

20240322070620_IMG_2676

Ауылдың бір топ ақсақалдарымен бірген мерекеге орай тігілген киіз үйлерді, мерекелік дастархандарды аралап шыққан аудан басшысы белсенділік танытқан барлық ұжымдарды Наурыз мейрамымен құттықтап, ел атынан алғыс айтты.

20240322062646_IMG_2631

Аудан орталығы. Мерекелік безендірілген орталық алаң. Тігілген киіз үйлер, құрылған алтыбақан. Төгілген күй күмбірі адам жанын жадырата түсіп отыр. Жиналған көпшіліктің жүздері қуанышқа толы... #nauryznamabqo

Қайрат Жақып,

Суретке түсірген Гүлнұр Бөлешова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале