Наурыз мейрамына орай Переметный ауылында тоғызқұмалақтан 2011-2015 жылдары туған жасөспірімдер және ересектер арасында аудандық ашық чемпионат өтті.
Бұл сайысқа Үлкен Шаған, Махамбет, Мичурин, Көшім, Зеленое, Белес, Атамекен ауылдары мен аудандық балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің командалары қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап, ұлттық спорт дегенде әр қазақтың ойына оралары тоғызқұмалық екенін атап өтті. Иә, төл спортымыз бағзыдан бері бабаларымыздың ұрпағына мирас еткен құнды дүниесі. Баланың ой-өрісін дамытып, таным көкжиегін кеңейтетін үшбу ойынды әлем халқы жоғары бағалауда.
Ой додасында үлкеншағандықтар жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті. Мәселен, ересектерде Назерке Мұғал мен Алпамыс Оразмұханбет топжарды. 13 ұлдар арасында Мархабат Көпжасар жеңіске жетті. 11 жасарлар арасында да үлкеншағандықтармен теңесер ешкім болмады. Сөйтіп Батырхан Үмбетов пен Мөлдір Батуллина чемпион атанды. 9 жас ұлдар арасында да осы ауылдан келген Мансұр Төлегенов 1-орынға ие болды.
Жарыста сондай-ақ щаповтықтар Ақерке Қуандық пен Аружан Бекмачева сынды щаповтық оқушы қыздар өз топтарында мықтылық танытып, алтыннан алқа тақты. Одан бөлек Зеленое, Махамбет ауылдарының да тоғызқұмалақшылары жақсы нәтиже көрсетті.
Салтанат Серікбайқызы,
Бәйтерек ауданы