Оралдан таяқ тастам жерде орналасқан Достық ауылында Наурыз мейрамы биыл кең ауқымда тойланды. Округ орталығында ғана емес, елді мекендер де Ұлыстың ұлы күні аталып өтті.
«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» деген атаумен 22 наурызда өткен мерекелі іс-шара Достық орта мектебінің ауласында болды. Ұлттық мейрамымызды атап өтуге келген ауыл тұрғындары әуелі киіз үйлерге кіріп дәм татты.
Бір киіз үйде Достықтағы «Берекет» дүкені, екіншісінде мектеп ұжымы дастархан жайып, келгендерге ұлттық тағамдар ұсынды.
Мерекелік іс-шара халқымыздың дәстүрі бойынша шашумен ашылған соң сахна төріне Қыдыр ата шығып ақ батасын берді.
Содан кейін облыс орталығынан келген және жергілікті өнерпаздар, мектеп оқушылары ән салып, би билеп, жиналғандарға әдемі көңіл-күй сыйлады.
Ауылдық округ әкімі Әбубәкір Төлеуов, мектеп директоры Светлана Голубева, аудандық мәслихат депутаты Ернар Хайдаров Шығыс халықтарының жыл басы болып саналатын Наурыз еңбек пен іскерліктің, ыждағаттылық пен ынтымақтың, бауырмалдық пен достықтың алтын арқауын екенін атап өтті. «Наурыз – қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын, табиғаттың көгеріп, көктейтін шағы. Ежелден жаңа мен жақсының, мейірім мен имандылықтың, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін! Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын!» - деді олар.
Айта кету керек, осынау мейрамның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ауыл жастары көп тер төккен. Соған орай жастарға көпшілік ризашылықтарын білдірді. Ұлық мерекеге орай ауылдың дамуына өз үлестерін қосып жүргендерге округ әкімінің алғысхаты табысталды, марапатталғандардың ішінде жастар да бар.
Мерекелік іс-шара барысында ауыл тұрғындары мақал айтудан, көже ішуде, ләңгі тебуден, гір тасын көтеруде, күш сынасудан сынға түсіп, үздік болғандарға ақшалай және бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы