Тасқала ауданы Орал - Ресей тас жолының бойында орналасқан.
Сондықтан да көршілес елден келетін жолаушылар алдымен біздің аудан арқылы өтеді. Ол үшін тазалық басты назарда болуы керек. Халық сеніміне ие болып, жақында ғана аудан тізгінін қолына ұстаған Талғат Асқарұлын осы мәселе мазалайды. Сол себептен де болар ол кабинетте отырып алмай Тасқала-Саратов бағытындағы өткізу пунктіне барып, барлық жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Күре жол болғандықтан мұнда көлік пен жолаушылар ағыны қарқынды. Адам көп болған сайын қоқыс қалдықтары да көбейетіні жасырын емес. Жағдайды көрген аудан басшысы:
- Тазалық мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Сондықтан әуелі ауданның кіреберісі таза болып, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтындай жағдай жасауымыз керек. Себебі санаулы күндерден соң қар кетіп, күн жылынады. Сол кезде айналамыз жарқырап тұрғаны дұрыс. Ол үшін арнайы сенбілік ұйымдастырып, айналаны тазалау керек. Қоқыс салатын жәшіктерді ауыстыру қажет, - деген Талғат Асқарұлы жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар беріп, оның уақтылы орындалуын бақылауда ұстайтынын айтты.
Тазалыққа немқұрайлы қарайтындарға әкімшілік шара қолданылатынын да жасырмады.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz