29.03.2024, 11:00
Оқылды: 59

Ақжайықта жағдай тұрақталып келеді

Дәл қазіргі уақытқа Ақжайық ауданында су тасқыны бойынша жағдай тұрақталды. Су басу қаупі бар ауылдар бойынша мәлімет бере кетелік.

су акжайык 2024 (2)

Алғабас ауылына кеше аудан әкімі Мұрат Сердалин барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Мұнда ауыл ішіндегі еріген қар суымен 4 күн қатарынан үздіксіз арпалысқан азаматтар оны қауіпсіз аймаққа ағызып жіберді. Дәлірек айтсақ, 17 адамға ауылдан еріктілер қосылып, екі трактор, бір экскаватордың көмегімен су шығарылды. Бұл да болса, деп кезінде қолға алынған алдын алу жұмысының нәтижесі. Осыған дейін ауыл, аудан әкімшілігі «ҚазСуШар» мекемесімен келісіп, қуаты мықты сорғы мен техника алдыртып, зардабы тұрғындарға тимей тұрғанда, апаттың бетін қайтарып үлгерді. Ауылды қоршай төселген бөгетті бірнеше жерден жырып, суды ағызып, қалғанын сорғымен сорып шығарған. Қазіргі таңда ауылға қауіп төніп тұрған жоқ.

Мән-жайды барлаған аудан басшысы қырағылықты бәсеңдетпей, Алғабас ауылдық округіне қарасты өзге елдімекендерге қауіп төнбеу үшін бар күшті жұмылдыру қажеттігін қаперледі.

су акжайык 2024 (3)

Үштөбе ауылы да дер уақытында қолға алынған алдын алу шараларының нәтижесінде қарғыннан зардап шекпеді.

Су басу қаупі төнген Жұбан ауылында да қазір жағдай бірқалыпты. Кеше Сайқұдықтың шетіне жеткен топан суға тойтарыс берілді. Округ әкімі Орынбек Жапашевтің ұйымдастыруымен ауыл азаматтары жұмылып, қапшықтармен судың жолын бөгеді. Тілсіз жау ауылға кіргенімен, бірлескен жұмыстың арқасында тұрғындар үй-қоражайларын судан аман алып қалды. Еріген қар суынан қауіп азайғанымен, әлі де қырағылықты бәсеңдетуге болмайды дейді ауыл тұрғындары. Осыған дейін бірнеше жыл көтермеген Өлеңті өзені кемерінен шығуға сәл-ақ тұр.

су акжайык 2024 (1)

Сондықтан мұнда тәулік бойы кезекшілік жалғасады.

Айта кетелік, ауданда бірде-бір үйге су кірмеген, малдан шығын жоқ, материалдық тұрғыда зардап шеккендер де болмады.

 

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале