Биылғы жылғы қала мерекесін тойлау бүгін жалпы халықтық вело шеруге жалғасты. Күздің қоңыр салқын таңына қарамастан теннис орталығына жиналған халықтың қарасы көп. Жиналғандар арасында жастармен қатар салауатты өмір салтын ұстанған зейнет жасындағы жандарда аз емес. Велошеруге қатысушылардың көңіл күйлері көтеріңкі. Жарысқа қатысушылардың арасында Рио олимпиадасының чемпиондары Данияр Елеусинов, Екатирина Ларионовалар да бар.
Вело шеру жергілікті уақытпен 8.30 да теннис орталығынан қозғалды.
Теннис орталығынан басталған велошеруге қатысушылар П.Атоян атындағы стадионға табан тіреді.
Рио Олимпиадасына қатысқан спортшылармен бірге сахнаға көтерілген облыс əкімнің орынбасары Бағдат Азбаев сөз сөйлеп, Тəуелсіздіктің 25 жылдығы мен Қала күніне арналған спорттық шараның маңызы зор екенін атап өтті.
Кейін Олимпиада жеңімпазы Данияр Елеусінов пен оның əкесі əрі бапкері Марат Елеусінов сөз алып, Орал шаһарының көркейіп, өркендей беруіне, танымал спортшылар көптеп шыға беруіне тілектестік танытты.
Одан əрмен ХХХІ жазғы Олимпиадасының жүлдегерлері мен қатысушылары ұтыс ойынына тігілген сыйлықтарды үлестірді. Тіркеу нөмірі бойынша велошабандоздардың бірқатары бір жылға фитнес-клубқа тегін жолдама, Дəурен Елеусіновтің қолтаңбасы қойылған бокс қолғаптары мен велосипедтерге ие болды. Салтанатты шарада жергілікті ақын Зəкəрия Сисенғалиевтің сөзіне жазылған Асқар Кенжеғалиевтің "Данияр" əнін жас əнші Айбар Қайырханов шырқады.
Нұрбек Оразаев
Нұртай Текебаев
www.zhaikpress.kz