Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі өзендердегі су деңгейі туралы айтып берді.
Фото: t.me/KZgovernment
«Бүгінгі таңда Қазақстанның аумағының 27%-ы қар жамылған. Қазақстанның жазық жерлеріндегі өзендер бассейндеріндегі су қорының көлемі азайды. Су тасқынының ең көп көлемі Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының және Қостанай облысының оңтүстік бөліктеріндегі өзендерде болмақ, алайда су тасқыны қаупі сақталып отыр. ШҚО, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола облыстары, СҚО өзендерінде және Қостанай облысының солтүстік жартысында су деңгейінің көтерілуі және қауіпті көрсеткіштердің артуы байқалады», — деді Үкімет отырысында Ерлан Нысанбаев.
Болжамға сәйкес, 2024 жылғы 1-10 сәуірде Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы тұрақсыздығы күтіледі. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын болмақ. Елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп күтіледі. Республиканың басым бөлігінде түнгі уақыттағы жауын-шашын қарға ауысып, ал күндіз жаңбыр жауады деп күтілуде.