2.04.2024, 11:30
Оқылды: 71

«Құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек»

Олжас Бектенов қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беруге шақырды.

f63059d7-f3b1-432d-b71a-3fda42693ab9

Фото: t.me/KZgovernment

Үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмысын қиындатып жатыр. Олар су тасқынының ауыр зардаптарына сенгілері келмейді. Биыл мұндай апат су тасқыны бұрын соңды болмаған жерлерде де болып жатыр. Осыған байланысты Премьер-Министр Үкімет отырысында қазақстандықтарға арнап сөз сөйледі.

«Қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқауларын орындауларын сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Эвакуациялау – бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек. Олар Сіздер үшін тер төгуде. Ал адамдарды құтқару – оңай жұмыс емес», — деді Үкімет басшысы.

Күштік құрылымдардың қызметкерлері мен құтқарушылар шын мәнінде батылдық көрсетуде. Батыс Қазақстан облысында сержант Батырбек Қапсықов қызметтік міндетін атқару кезінде екі бірдей пышақ жарақатын алған. Қылмыскер ұсталды. Ақтөбе облысында тасқын жағдайында жүкті әйелді босандырып алуға тура келді – анасы мен жаңа туған егіздерді құтқарып қалды.
«Мен қазіргідей қиын жағдайда ел тұрғындарына көмек қолын созып жатқан құтқарушыларға, ұшқыштарға, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне және қатардағы еріктілерге алғысымды білдіргім келеді», - деді Олжас Бектенов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале