3.04.2024, 21:01
Оқылды: 108

Сырым ауданындағы су тасқынына байланысты Сырым аудандық орталық мешіті үндеу жариялады

«Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге!»

InShot_20240403_201829594

Қадірлі, жерлестер! Алланың қалауымен ауыл – еліміз үлкен сынақтың ауызынан аман қалды. Топан су Сырымның даласына да жетті. Бұзылған үйлер, сынған көңілдер бар.

Апаттың айтып келмейтіні анық. Аяқ асты болған нәрсеге ешкімнің уәжі болмас. Мұндай сын сағатта кінәліні іздеу - жөнсіз іс. Керісінше, тығырықтан шығар жолды ойластырған жөн болар. Біз қанша жерден сөз қылсақ та, болар іс болды. Ендігі сәтте апаттан зардап шеккен жандарға көмек қолын созсақ.

«Менің мал-жаным аман, басқасында шаруам жоқ!» - деу, біріншіден мұсылмандығымызға, екіншіден қазақшылығымыз, ағайындығымызға сын.
Хадис шәрифте: «Мүміндер бір – біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. Адамның бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», деген. Барынша жанашырлықта болайық! Арамыздан жоғала бастаған ыстық қатынастарды, тым болмаса осындай сәттерде қайта жандандырайық, Құдайға бірлігімізді көрсетелік. Тағы бір хадисте: «Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге» делінген. Көпшілік біріксе, алынбайтын қамал жоқ.

Алла Тағаланың бірлігі бар жерге берекеті түсері хақ. Ал Құдайдың берекеті түсер болса, барша қиыншылық кетіп, арқыраған тасқынның өзі арынын басары сөзсіз. Ел ішінде баспанасыз қалғандарға барынша пана болайық. Мешіт жамағатты осыған үндейді. «Қолымыздан келген қызметімізді аянып қалмайық. Пайдамызды тигізе алмасақ, игілікті іс қылушыларды тілдеп, сөз қылып, зиянымызды тигізбейік. Жұртқа жәрдемші жандарға тым болмаса жақсы сөзімізбен, шынайы дұғамызбен демеу берейік. Алла елімізге тыныштық беріп, бұл істің артынан үлкен қуаныш сыйласын дейміз. Себебі Құранда: « Демек, әрбір қиындықпен бірге, сөзсіз, жеңілдік бар», деген. Алла баршамызға қуат берсін!

Нұрәлім Қисметов,

Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале