БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмухамбетов бүгінгі таңда облыста жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны туралы хабарлады.
Төтенше жағдайға байланысты әкімдіктер, құтқарушылар, әскерилер күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Елді-мекендерді судан қорғау жұмысы тоқтаған жоқ, жалғасып жатыр.
Су тасқынын қауіпсіз өткізу, одан келетін залалды мейлінше азайту мақсатында бұл жұмысқа 1979 адам, 365 техника, 101 мотопомпа жұмылдырылған, 1 тікұшақ, оған қоса Алматы және Маңғыстау облысынан келген құтқарушылар да көмектесіп жатыр.
Осындай қиын уақытта облыс жұртшылығы табиғи апаттан зардап шеккен жерлестерімізге жан-жақты қолдау көрсетіп, ауызбіршілік танытып жатыр.
Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға өңір кәсіпкерлері, белсенді қоғамдық бірлестіктер, бюджеттік мекемелер, волонтерлар және қарапайым облыс тұрғындары жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.
Жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңгеден астам бір реттік материалдық көмекті төлеу басталғаны туралы да айтқымыз келеді.
Су басқан елді мекендерден су қайтқаннан кейін өңір тұрғындарына су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық залалды тиісті бағалау жүргізіліп жатыр.
zhaikpress.kz