Өткен апта соңында Бәйтерек ауданы Янайкино ауылдық округіндегі Т.Бигелдинов атындағы орта мектепте кезекті "Сәтті кездесу" кеші өтті. Бұл жолғы қонақтар ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші, композитор Ербол Ақбасов пен Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, ақын Абдол Рахметов болды.
Кеште қонақтар өздерінің балалық шақтары мен өнер жолына қалай келгендерін айтып, өлеңдері мен әндерінің шығу тарихына тоқталып, алға қойған жоспарларынан да сыр шертті. Содан соң оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Ербол Ақбасов кәде-сый ретінде өзінің "Ғашығым", "Тұмарым" әндерін орындаса, Абдол Рахметов "Кіндік", "Әкім бала мен әке", "Мұз қала", "Ақпанда жел болды" т.б өлеңдерін оқыды. Айта кетейік, Абдол Ғабитұлының кештен әсер алып шабыттанғаны сондай, мектепке арнау да шығарды.
Аталмыш мектеп мұғалімдері де шығармашылықтан құр алақан емес. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Ғапуова да келген қонақтарға арнап шығарған өлеңін оқып, оларға шығармашылық табыс тіледі.
Іс-шара барысында мектеп өнерпаздарынан құралған "Бәйтерек" ансамблі қонақтардың қаламынан шыққан дүниелерді нақышына келтіре орындады.
Кеш соңында дәстүрге сай қонақтарға «Сәтті кездесудің» арнайы мүсіншесі (статуэтка) мен алғыс хат табысталды.
Салтанат ЗҰЛҚАРНАЕВА,
Бәйтерек ауданы,
Янайкин ауылдық округі