"Батыс Қазақстан облысында жағдай әлі де күрделі. Себебі, көршілес Ресейдің Орынбор облысынан Жайық өзеніне секундына 3 мың текше метрден астам көлемде су түсуде. Мамандардың мәліментінше, Жайық өзеніндегі су деңгейі 890-930 сантиметрге дейін көтеріледі. Қауіпті деңгей - 850 см. Орал қаласында су деңгейі соңғы тәулікте 8 см-ге көтеріліп, 736 см құрады. Судың көбею қарқыны жылдам. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында хабарлады.
Орынбор қаласынан келетін көлемді су облысқа 17-19 сәуір күндері келеді деген болжам бар.
«Су тасқынының алдын-алу мақсатындағы жұмыстар тәулік бойы үздіксіз атқарылуда. Бүгінде облыс бойынша Жайықтың жағасында ұзындығы 56 шақырым, биіктігі - 2-ден 4,5 метрге дейінгі дамбы салынып, өзен жағасы нығайтылуда. Алдағы уақытта дамбыны 70 километрге дейін жеткізетін боламыз. Жайықтың бойындағы елді мекендерге тәулік бойы кезекшілік бекіттік. Тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Су тасқыны басталғалы бері 13 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 7 мыңнан астамы ересек азаматтар, 6 мыңға жуығы балалар. Бүгінгі таңда облыс бойынша 18 эвакуациялық пункте 2 мыңға жуық адам орналасты. Оларға қажетті заттар мен азық-түліктер уақытылы жеткізілуде», – деді спикер.
Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Су тасқынынан зардап шеккен отбасылардан 185 бала республикалық лагерлерде демалады. Өңіріміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларға облысымыздан және басқа аймақтардан барлығы 6 мыңға жуық адам, мыңнан астам техника жұмылдырылды.