"Биылғы жылдың ақпанында «Атырау-Кутаиси» бағытындағы халықаралық әуе рейсіне өту барысында Грузия азаматынан 100 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша анықталған", - деп хабарлайды ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер департаменті.
Оның қол жүгінде 10 мың АҚШ доллары, жол жүгінде 90 мың АҚШ доллары мөлшерінде жасырылған қаражат болған.
Жасырынған ақша заң бұзушының жол жүгінде Атырау облыстық «Әуежай-Атырау» кеден бекетінің қызметкерлерімен кедендік бақылау жүргізу барысында анықталды. Бақылау шаралары Атырау облысы бойынша Шекара қызметі және Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген.
Заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Күшіне енген сот шешіміне сәйкес, 90 мың АҚШ доллары мемлекет пайдасына тәркіленді, қалған 10 мың АҚШ доллары Грузия азаматына қайтарылды. Сондай-ақ, одан 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл өндірілген.
Егер ЕАЭО кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе ЕАЭО кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезінде мұндай қолма-қол ақша қаражатының немесе жол чектерінің жалпы сомасы кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынған күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 "Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" Жарлығына сәйкес 10 мың АҚШ долларынан асатын сомада қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынғанын еске саламыз.