Бүгін Жәнібек аудандық «Әлем» орталық базарында құс сату жәрмеңкесі өтіп, Оралдан келген ағайынды Жандос Әбуов пен Манас Мақсотов Loman Brown тауықтарын ұсынды.
Жәрмеңке ортасынан аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешов те табылды.
Loman Brown – жыл бойына жұмыртқаны көп беретін және сол үшін арнайы өсірілетін танымал құс тұқымы. Табиғатынан жайлы тауықтардың басты ерекшелігі әтешсіз-ақ күніге жұмыртқа беруінде.
Бір жылда бұл тұқымның бір тауығы шамамен 300-320 жұмыртқа сала алады екен.
Ағайынды екі жігіт құс шаруашылығымен төрт жылдан бері айналысып жүргендерін және осы уақыт аралығында тұтынушыларынан бірде-бір нашар пікір естімегенін айтып, сатып алған жандардың тауықтары бүгінде қандай болғанын көрсетті.
Жақында Жаңақала ауданында 900, Жалпақталда 500-дей тауық өткізген кәсіпкерлер бүгінде Жәнібекке 600 тауық әкелген. Жәрмеңке басталғалы тұрғындар екі сағат көлемінде шамамен 150-ге жуық тауық сатып алды. Айта кетейік, қазірден бастап жұмыртқа басып жүрген тауықтардың жасы - бір жарым жылдық. Біреуінің бағасы 2500 теңге.
Ясина Нұрболат,
Жәнібек ауданы