23.04.2024, 23:27
Оқылды: 73

Бөкей ордасы ауданы: кеңейтілген кеңес өтті

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті.

InShot_20240423_232436474

Басқосуда құрылымдық қайта құруға байланысты аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында орын алған ауыс-түйіс туралы хабарланды. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов дәл бүгінге дейін аталмыш орталыққа басшылық жасаған Рашид Әбуовке алғысхат табыстаса, жаңа басшы Мейрам Ағисовке абыройлы қызмет етуіне тілектестігін білдірді.

IMG-20240422-WA0060

Кеңес күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелермен қатар ағымдағы мәселелер да қаралып, біраз шенеуніктің атына сын айтылып, ескерту берілді.

Басынан бастасақ, аудан әкімі аппаратының басшысы Асқар Ажығалиев жазғы өрт қауіпсіздігіне қатысты мәселелердің саралап, жоспарда тұрған есептік кездесулердің барысынан хабарлама жасады.

Жарыссөзде өрт сөндіру көліктері мен тракторлардың дайындығы айтылды.

IMG20240422153823

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов тозығы жетіп тұрған ескі техниканы жамап-жасқап, қаржы бөле бергенше, тозған техниканы есептен шығаруды ұсынды. Мамандардың айтуынша, бар техниканы дайындау үшін екі миллиондай қаржы керек болады екен.

Техника тапшылығы Мұратсай мен Ұялы ауылдық округінде өткір мәселе боп тұр.

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов есептік кездесуде жергілікті тұрғындар көтерген мәселенің қандай деңгейде шешілгеніне мән беруді тапсырды.

- Халық қолдап, мәселе ғып назарға ұсынған мәселенің бәрі қаперге алынғанын, тиісті іс-шара қабылдағанын, іске аспай жатса, себебін дәйекті түрде түсіндіруіміз керек. Сонда ғана есептік кездесулердің маңызы артады. Халық пен билік арасындағы диалог дұрыс түзеледі, - деді.

Ал аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина порталмен жүргізілетін жұмыстың сапасына тоқталды. Оның айтуынша, Мұратсай, Бисен ауылдық округтерінің әкімдіктері конкурстарды уақтылы жарияламағандықтан, қаржыны да дер кезінде толық игере алмай жатыр.

Осы орайда аудан басшысы Нұрлыбек Даумов аталған факт бойынша жауапты мамандардан түсініктеме алып, тәртіптік жазаға тартуды міндеттеді.

- Конкурс өтті, қаржы аударылды. Мәселе тек мұнымен бітпейді. Бізге жұмыстың нәтижесі керек. Мердігерлердің атқарған жұмысына мән беріңіз. Жол күтіміне жауапты мердігерлердің жұмысына көңілім толмайды. Техникасы сынып, істен шыққан екен түсінеміз. Бірақ қаржыны уақытында алды екен, жұмысына да жауаптылық танытсын. Өз техникасы сынып қалса, басқа біреуден жалға алсын. Қалай еткенде міндетін мінсіз атқарсын, - деп тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале