Казталов ауданында Қошанкөл–Қараоба бағытындағы күре жолдың жөндеуі басталғалы үш жыл өтті. Осы бағыттағы жолдың 15 шақырымын «Uniserv» ЖШС ұтып алып, орташа жөндеу жүргізген болатын. Бірақ мердігер мекеме жолды өздері жөндеп, өздері ауыр техникаларымен жаншып, шұрық-тесік қылып, бүлдірген болатын.
Сол кезде осы мәселені аудандық депутаттар, ауданның атқамінер азаматтары бар дер кезінде көтеріп, мердігер бүлінген жол учаскелеріне қайтадан жөндеу жүргізді. Соның салдарынан жолдың да сапасы жоғалды. Кейін жоғары жақпен ақылдаса келе, осы бағыттағы жолдың жалғасына қайтадан жобалық-сметалық құжаттама жасап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін болып шешілді.
Қош, Қошанкөл–Қараоба жолына күрделі жөндеу басталып та кетті. Бұл жұмысты қайтадан «Мың болғыр» «Uniserv» ЖШС ұтып алды. Тәжірибесі мол компанияның осы бағыттағы жолды жасауға кіріскеніне көңілімізге қуаныш ұялатқандай...
Әттең, жолдың жөнделген 15 шақырымын көріп, қуанышмыз су сепкендей басылды. «Uniserv» мекемесі бұрынғы қателіктерінен сабақ алмаған секілді. Жаңа жолды бастап жатқан мердігер қара жамылғы төселіп, жөндеу өткен жолды қайтадан бүлдіріп жатыр.
Көлігімізге мініп, Қошанкөл - Қараоба бағытына жолға шықтық. Бұрыннан күйі шамалы қатқыл жол, үстінен ауыр техника жаншып өткесін бірнеше жерден ойылып, шашылып жатыр. Алдыңызға қарап, байқап отырмасаңыз, көлігіңіздің астын соғып алуыңыз әбден мүмкін. Суретке түсірдік, жолдың жағдайын көріп, басымызды шайқадық. Жаңа жолды бастаған мердігер өздері жасаған жолды қайта бүлдіріп жатыр. Бір кем дүние...
Суреттерден өздеріңіз көріп отырғандай, Қошанкөл ‐ Қараоба бағытындағы жолдың 15 шақырымынан кейін «Uniserv» ЖШС күрделі жөндеу жұмысын бастап жатыр. Айналма жолды да дайындап үлгерген. Дегенмен оған дейінгі жолда қажетті материал тасып жатқан «Shacman» маркалы жүк көліктері бұрынғы асфальт үстімен зырғып өтуде. Өзінің салмағы біраз тонна құрайтын, 25 тоннаға дейін жүк тиейтін автокөлік сапасыз жолдың үсімен жүрген кезде не болатынын ойлай беріңіз?! Сонда бұл бассыздыққа кім жауап береді? Кімге қастандық қылып жатыр?!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz