2.05.2024, 10:00
Оқылды: 54

Жалпақталда бірлігі жарасқан көше тұрғындары 1 мамыр мерекесін тойлады

1 мамыр күні Жалпақтал ауылында Қазақстан  халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай «Бірлігіміз жарасқан» атты Сламихин және Жалпақтал көшелерінің тұрғындарының ұйымдастыруымен мәдени-спорттық көпшілік шара өтті.

20240501115920_IMG_7998

Жергілікті тұрғындар арасында «сельхоздықтар» деп аталып кеткен қос көшенің тұрғындары о бастан-ақ, бірлігі мен тірлігі жарасып, тату-тәтті күн кешкен ынтымағы мол ағайындар екені бүкіл ауылға мәлім болатын. Берекесі мен мерекесі тасыған қос көшенің тұрғындары осы үрдісті жоғалтпай бүгін де ауызбірлікті дәлелдеп шықты.

Қазақ елі ұлт пен ұлыстың, бауырмалдық пен туыстықтың, ынтымақ пен ырыстың туын нық ұстаған киелі мекен. Ал Жалпақтал ауылындағы Сламихин мен Жалпақтал көшелерінің тұрғындары арасында қазақ, орыс, татар, украин, халықтарының өкілдері бейбіт өмір кешіп, ықылым заманнан тату ғұмыр сүруде. Сондықтанда ыстық ықылас пен достық ниеттің — бірлік мейрамын асыға күткен көше тұрғындары сүйіспеншілік пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесін үлкен мейрам есебінде тойлады.

Мерекелік шарада Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібекұлы құттықтау сөз сөйлеп, ынтымағы жарасқан қос көшенің тұрғындарына ауылдастары атынан ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыс етсе, орыс ұлтының өкілі атынан сол көшенің байырғы тұрғыны Марина Васильева ауылдастарын айтулы мерекемен қызу құттықтады.

20240501114519_IMG_7980

- Өткенге көз жүгіртсек, қос көшенің тарихы сонау Овчинниковтерден бастау алып, 1962 жылы «Казсельхозтехника» болып құрылып, осы күнге дейін жалғасын тауып келеді. Ол көшеде қаншама Ұлы Отан соғысының ардагерлері тарихи ғимараттарды салуға күш жігерін жұмсап, елі үшін еңбек етті? Олардың есімдері осы көшенің шаңында өсіп-өнген бүгінгі өскелең ұрпақтың мәңгі есінде сақталады. Көше тұрғындары мен олардың ұрпақтарына жарқын болашақ тілеймін, - дейді осы көшеде өскен, бүгінгі таңда Орал қаласында тұратын зейнеткер Бауыржан Қабдекенов.

- Мәңгілік ел болу Қазақстан халқының асыл мұраты. Бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан Жалпақтал елінің ырысы мен табысы мол болсын! Ауылымыздың атын асқақтатып, ынтымақ мерекесін қос көше боп тойлап жатқан еліміздің тойы құтты болсын, жалғасын таба берсін - дейді бүгінгі мерекенің шақырулы қонағы әрі татар ұлтының өкілі, әнші бауырымыз Гаяз Мазгутов.

20240501105220_IMG_7873

Қос көшеден басталып, бүкіл ауыл тойына ұласқан 1 мамыр мерекесінде Бейбіт Оразов (Ауыл жатыр той жасап), Нұрхат Жалмұханов (Жалпақталым), Гаяз Мазгутов (татар әні Бакытла-Шатлыкта, Я весь мир отдам), дуэт Гаяз Мазгутов, Эльмира Мұсағалиева (қырғыз әні Буй-Буй), Эльмира Мусағалиева (түрік әні Гезеген), Сұлтан Ғұмар (Сенің анаң алтын), Асхат Дүйсенов (Үкілім-ай), бүлдіршін әнші Әмина Абылайқызы (Ата-әже), Екатерина Терехова (Елге сапар, Ах, калина), бүлдіршін әнші Инабат Жеңіс (Қазақ болып туғаныма мақтанам) атты әндерден шашу шашса, Әсем Жеңіс өзбек биін, Баймұрат Касумов әзербайжан биін билеп ауылдастар ықыласына бөленді.

Осылайша дүбірлі күнге ұласқан көше тойы ұлттық спорт түрлерінен өткен түрлі жарыстарға жалғасып, жеңімпаз, жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медалдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Міне, достық құшағын кеңге жайып, бауырмалдығын ту етіп ұстаған қос көшенің тұрғындары жаста болса үлкен мәрттік танытып демеушілік көрсеткен Мағзомов Сағынгерей Махамбетұлына және осы шара барысында аянбай қызмет жасаған іні-келіндерге шексіз алғыстарын білдіріп, үлкендерден бата алып, шара соңында осы кешке арнап жазылған кеш ұйымдастырушысы Бейбіт Оразовтың орындауында «Қош келдіңіз Сельхозға» атты тамаша әнмен қорытындыланып, көк аспанға бейбітшілік символына айналған кептерлер  ұшырылды.

Достық мерекесі құтты болсын, ағайын!

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале