Қазгидрометтің болжамына сәйкес, биыл жаз айлары ыстық әрі құрғақшылық болады деп күтіліп отыр. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін.
Демек, өрт қаупі күшейе түседі.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Мәселен, өткен жылы өрттен қатты зардап шеккен «Семей орманы» аумағы биыл тағы да отқа оранды.
«Абай облысының әкімдігі бақылауды күшейтуі керек. Алматы облысында Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағында да қамыс өртеніп, үлкен аумаққа жайылып кетті. Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қамыс пен қураған шөп жанып, өртке ұласты.
Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында минералданған жолақтарды жасау енді ғана басталған, қажетті көлемнің үштен біріне әрең жетеді. Арнайы жыртылған қорғаныш жолақтары жоқ елді-мекендер дала немесе орман өртінен қорғаусыз қалады.
Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарындағы аумақтар әлі күнге дейін қураған шөп пен қоқыстардан тазартылмаған. Осыған байланысты өңір әкімдері аталған бағыттағы жұмысты күшейтіп, барлық мәселені жеке бақылауға алуы қажет.
Экология министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бұрын орын алған өрттердің тәжірибесін ескере отырып, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қойсын. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, өрт сөндіру көліктерімен және тікұшақтармен су алу үшін су көздері мен өрт сөндіру тоғандарын дайындау қажет», — деп тапсырды Олжас Бектенов.