Астана күні мерекесіне орайластырылған «Қазақстан барысы» қазақ күресінің аудандық іріктеу турнирі Бөрлі ауданында да өтті. Ұлттық қазақ күресін бұқара арасында кеңінен насихаттап, дамыту мақсатында ұйымдастырылған турнир ауданымызда 2011 жылдан бері өткізіліп келеді.
Қазақ спортын, оның ішінде ұлттық күресті насихаттауға бағытталған бірегей жоба елдің көңілінен шығып, сүйікті жарысына айналды. Кім мықтыны анықтаған сайыста өңірдегі сайдың тасындай тізілген 27 балуан қатысты. «Күш атасын танымас» деген балуандар өзара мықтыны анықтап, айласы мен әдісі, бабы мен бағы келіскен қатысушылар финалда белдесті.
90 келі салмақ дәрежесіне дейінгі балуандар «Өгіз балуаны» атағын иемдену үшін белдесіп, нәтижесінде бірінші орынды Қанай ауылдық округі атынан, "Табын" лақап атымен шыққан, ауданымыздың мақтанышы Әділбек Сейісов, екінші орынды "Сұңқар" лақап атымен шыққан Ақсай қалалық №1 ЖББОМ мұғалімі Ақылбек Қабдулмажит, ал үшінші орынды "Шеркеш" лақап атымен шыққан аудандық полиция бөлімінің қызметкері Айдос Сатқанов еншіледі.
Делебені қоздырып, көңіл көрігін қыздырған белдесулер «Түйе балуан» атағы үшін күрескен балуандардың арасында өтті. Нәтижесінде бірінші орынды және Бөкейорда ауданында өтетін облыстық жарысқа жолдаманы "Тана сұлтаны", Ақсай қалалық №3 ЖББОМ мұғалімі Замир Хамзин жеңіп алса, екінші орын турнирдің ең жас балуаны "Қалқаман тана" лақап атымен шыққан, қанайлық Есбол Сағындыққа бұйырды. Ал бұл үштікті Ақсайдың "Қарақұнаны" Аңсар Қабылтай қорытындылады.
Жарысқа төрешілік еткен І дәрежелі төреші Досбол Кеңесов болса, турнирдің бас төрешісі Ақтілек Ғапаров болды. Ал балуандардың жетістіктері мен аяқалысын көрерменге жеткізіп, шараның жоғары дәрежеде өтуіне ықпал еткен Серік Қалимолла болды. Ауданымыздың намысын облыста қорғайтын Замир Хамзинге жеңіс тілейміз!
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы,
zhaikpress.kz