Өткен аптада, яғни 13-17 мамыр аралығында Дариян ауылында 10-сынып оқушыларының аудандық әскери оқу-далалық жиыны өтті.
ҚР Қарулы Күштерінің қатарына жастарды дайындау, жеткіншектердің Отан қорғауға деген патриоттық сезімдері мен жауапкершіліктерін арттыруды мақсат тұтқан іс-шара Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының базасында ұйымдастырылды. Оған аудандағы 31 мектептен 250 оқушы қатысты.
15 мамырда Дарияндағы орталық алаңда болған аталмыш оқу-далалық жиынының ашылу салтанатында сөз алған Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов мұндай іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Оқушылар бес күн ішінде әскери өмірдің жағдайымен жақын танысты. Оларға оқу-далалық жиынында сап элементтері, тактикалық, атыс дайындықтары, әскери топография, инженерлік қызмет бойынша практикалық жаттығу түріндегі сабақтар жүргізілген.
Осы әскери оқу-далалық жиыны басшысының орынбасары, Қ.Ахмиров орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Армат Молдағалиевтың айтуынша, оқушылар бескүндік барысында әскери өнердің қыр-сырына, әскери өмірдің темірдей қатал тәртібіне машықтанды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы әскери қызметінің Жарғысын зерделеп, топография және азаматтық қорғау бойынша практикалық сабақтарға қатысты. «Взвод командирлерінің орынбасарлары болып оқушылар тағайындалды,-дейді Армат Маратұлы.
- Олар да өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындап шықты. Жиын соңында соларды жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталды. Жалпы оқу-далалық жиынның қорытындысы бойынша ауданымыздың оқушылары жақсы деген қорытынды баға алды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
Дариян ауылы