21.05.2024, 10:00
Оқылды: 37

БҚО-да 2024-2026 жылдарға жалпы құны 25 миллиард теңге болатын 14 жоба дайындалған

Өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен ақпараттық кеңес отырысы өтті. Жиында облыс аумағында туризмді дамыту және өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша жоспарлар талқыланып, ұсыныстар ай-тылды. Кеңеске облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн сипатта байланысқа шықты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде 2019-2026 жылдары туризм саласын дамыту мақсатында арнайы бағдарлама бекітілген. Өңірде туристік саланы дамытуға мүмкіндіктер көп екені белгілі. Былтыр жыл қорытындысы бойынша ішкі туристердің саны 166,6 мың адамды құраған, яғни бұл 64,5 пайызға артқанын айқындайды. Ал биыл ішкі туристер санының 182,2 мың адамға дейін көбеюі жоспарланған. Бүгінде келушілерге 4,6 млрд теңге сомасына қызмет көрсетіліпті. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев баяндады.

29cb6737-8e80-4e7a-847a-43e580165cf9

– Қазіргі уақытта облыста туристік қызмет көрсетуге лицензиясы бар «Nurbergen Health Resort», «Sayat» этно-туристік орталығы» ЖШС, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» ЖҚ, БҚО әкімдігі білім басқармасының балалар мен жасөспірімдер туризм және экология облыстық орталығы, «Uly Tengri» ЖШС секілді 5 турис­тік оператор мен 51 туристік агенттік тіркелді. Былтыр сала бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8,8 млрд теңгені құраса, биыл бұл 16,35 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

Осы жылдың алғашқы тоқсанында инвестиция көле­мі 1,1 млрд теңге болды. Бұл ретте туризм саласында инвестициялық маңызы бар 2024-2026 жылдарға жалпы құны 25 млрд теңге болатын 14 жоба жасақталды. Оның ішінде биыл 10,3 млрд теңге болатын 220 жұмыс орнын құру және 6 жобаны пайдалануға беру көзделіп отыр. Ішкі туризмді дамыту мақсатында туристік операторлармен бірлесе облыс бойынша 14 маршрут әзірленді. Арасында «Бөкей хандығына экскурсия», Шыңғырлау ауданына «Джип тур», «Дала көлі» және тағы да аталған ауданға «Ең кішкентай сарқырама» маршруттары бар. Сонымен қатар облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы 2ГИС компаниясының облыстағы филиалымен бірлесіп, өңірдегі туристік нысандар жайлы ақпаратты жаңартып әрі толықтырып, 2ГИС қосымшасына жаңа нысандарды енгізді. Оның ішінде Теректі ауданындағы «Тақсай» кешені, Бөкей ордасы ауданындағы «Бөкей орда» тарихи музей кешені және мавзолейлер, Орал қаласындағы «Кордон» аэродромы, «Жайық қалашығы», Шыңғырлау ауданындағы «Торыатбас» тауы, Бөрлі ауданындағы Хан тоғайы, Айдарлы тауы және Құныскерей үңгірін атап айтуға болады, – деді Нұржан Сапаркелдіұлы.

Басқарма басшысы биыл туризмді ілгерілету және туристерді тарту мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырылатынын жеткізді. Атап айтсақ, алдағы уақытта Шыңғырлау ауданындағы «Ақ­құм» құмдарында роуд-шоу, Тасқала ауданында «Қансонар» аң аулаушылар турнирі, ТМД және Орталық Азия елдерінің планеристері арасында жарыс, Орал қаласында гастрофестиваль және қала күніне орай қолөнершілер жәрмеңкесі, сондай-ақ блогерлер мен туроператорлар үшін республикалық ақпараттық тур өткізілмек.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев туризм саласы бойынша мемлекеттік қолдауларды халыққа түсіндіру және кеңінен ақпарат беру бағытында жұмысты күшейту керектігін айтты. Сондай-ақ аталған жоспарлы жұмысқа талдау-сараптау жүргізудің әлі де кемшін екенін, бұл бағыттағы барлық жұмысты жандандыру қажеттігін атады. Туризм саласы бойынша өңірдегі мүмкіндіктер жайлы бірқатар ұсыныс та айтылды. Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева қазіргі кезде М. Өтемісов атындағы БҚУ-да туризм саласы бойынша мамандар даярланып жатқанын тілге тиек етті.

Жиында өңірдегі өрт қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. Бұл жайлы алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Рашид Біләлов баяндама жасады.

b54bb5a5-5380-455b-a4de-d4fa6c74ca77

Оның айтуынша, биыл департамент жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлесе өрт қауіпсіздігі кезеңінде өрттің алдын алуға бағытталған шараларды кешенді жүргізуде. Бүгінде департаменттің аумақтық бөлімшелерінде 197 бірлік техника бар. Оның ішінде негізгі техника саны 94 болса, 13 бірлік арнайы техника және қосалқы 90 техника тұр. Қазіргі уақытта 91 техника қажет деп есептелген.

Биыл департаменттің материалдық-техникалық әлеуетін жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 1,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев облыс аумағында мемлекеттік орман қорында 2018-2023 жылдар аралығында жалпы ауданы 10 840,5 гектар болатын 79 орман өрт оқиғасы тіркелгенін айтты. Соның ішінде орман алқабы – 5 мың 800,9 гектар. Ал тек 2023 жылы облыс аумағында барлығы 313,2 гектар болатын 7 орман өрті тіркеліпті.

– Өңірдегі орман шаруашылығы мекемелері 10 өрт сөндіру көлігімен, 70 трактор, 24 су таситын және 54 патрульдік көлікпен жабдықталған. Облыстағы бұл мекемелерде жалпы норматив бойынша 172 трактор болуы қажет. Аталған 70 трактордың 25-інің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Облыс бюджеті есебінен 33 трактор, 2 өрт сөндіру көлігі сатып алынуда. Биыл орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру үшін жалпы облыс бюджетінен 931,2 млн теңге қаражат бөлінді. Орман өрттерінің алдын алу мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінде нормативке сай 23 өрт бақылау мұнарасы болуы керек. Бүгінде тек 7 мұнара бар. Сонымен қатар табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуын болдырмау мақсатында құқық қорғау құрылымдары мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен рейдтік шаралар өткізіледі. Осы жылы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелермен орман қоры аумағында өртке қарсы профилактикалық іс-шаралар ұйымда-стырылады, – деді басқарма басшысы Марат Төлеғалиұлы.

Өңір басшысы жиында айтылған мәселелерге байланысты барлық аудан әкімдерімен бірлесе жол картасы жасақталып, онда жауапты мекемелердің атқаратын жұмысты нақтылануы керектігін атады.

– Аудан әкімдіктерімен қандай шаралар жүзеге асып жатқаны туралы ешқандай ақпарат айтылмады, анық талдаулар көрсетілмеді. Жиында аталып өткен мәселелер мен ұсыныстарға қатысты жауапты басқармалардың арасында байланыс болғаны дұрыс. Сондай-ақ нақты жоспармен жұмыс істеу керек. Баяндалған жұмыстарды сараптау нәтижелері жеткіліксіз. Сондықтан бұл екі мәселеге қайта ораламыз, әзірге нақтылыққа көшкендеріңіз жөн, – деп ескертті Нариман Төреғалиұлы.

Аманжол Рахымжанұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале