Бәйтерек ауданы орталығында мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық спартакиадаға іріктеу сайысы өтті.
Оған Көшім, Щапов, Бейбітшілік, Достық, Атамекен, Белес, Переметное, Сұлукөл, Чиров, Шалғай, Янайкин, Байқоныс, Макаров ауылдық округтерінен келген өкілдер қатысты.
Тартысқа толы жарыста мемқызметшілер спорттың сегіз түрінен сынға түсті. Нәтижесінде жеңіл атлетикадан ерлер арасында переметныйлық Дамир Қаналиев, әйелдерде дарияндық Оксана Амонова, асық атудан нәзік жандыларда атамекендік Ақерке Досқазиева, жігіттер тобында Бейбітшілік ауылының басшысы Манарбек Жандарбеков үздік атанды. Чиров пен Шалғайдың әкімдері Николай Штык пен Гүлзада Бөлекова үстел теннисінен ешкімге дес бермесе, шахматта Атамекеннің әкім Фархат Үмбетқалиев жеңімпаз атанды. Ауыл әкімдері арасында сондай-ақ переметныйлық Алексей Герасимов қолкүресінен, көшімдік Ауған Алмурзин гір тасын көтеруден топжарды. Садақ атудан әйелдер арасында байқоныстық Наргиза Мусина, ерлер арасында макаровтың Бекежан Жолдасбаевпен ешкім теңесе алған жоқ. Ал Шалғай, Сұлукөл, Чиров, Янайкин, Бейбітшілік ауылдарынан келген команда мүшелерінен құралған «Қуат» командасы арқан тартыста жеңімпаз сапынан көрінді.
Сөйтіп бұл дода үздік деп танылған мемлекеттік қызметшілер 31 мамыр мен 6-7 шілде күндері өтетін облыстық спартакиадада ауданымыздың намысын қорғайтын болады.
Сәнім Берік,
Бәйтерек ауданы