29.05.2024, 11:30
Оқылды: 29

Мектеп бітіргендеріне 15 жыл болған түлектер ауылға сый тарту етті

Ақжайық ауданы Сарытоғай ауылдық округіндегі Жанама ауылында осындағы мектепті осыдан 15 жыл бұрын тәмамдаған түлектер ажарлы арка орнатты.

65

2009 жылы мектепті тәмамдаған соң, мамандық алып, қызметке кіріскен алтын бесік туған ауылдарының көркеюіне үлес қосуды мақсат етіп, көктем шыға ауыл әкімшілігіне хабарласыпты. Тілектері – ауылға кіре беріс жолға арка орнату. Ауылдан түлеп ұшқан азаматтар игі іске мұрындық боламын десе, қолдарынан кім қақсын? Керісінше, атамекенінің ажарлануына сеп болатын бұл шаруада қолдау көрсетуге кірісті.

Бүгінде бір-бір шаңырақтың отағасы, отанасы атанған түлектер қажет  қаражатты әп-сәтте  жинап, арканың дизайнын таңдап, Оралдағы цехтардың біріне тапсырыс береді.   Биіктігі  5, ал ені 10 метр арканы  елге жеткізіп, кіреберіске орнатқан да – өздері. Арканың қақ ортасында «Сарытоғай» деп округтің атауын жарқыратып жаздыртыпты.

Соңғы қоңырау соғылатын күнімен тұспа-тұс келген еңселі арканың ашылу салтанатына ауыл тұрғындары мен түлектер қатысты.

– Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – қазақ халқының әлмисақтан жалғасқан салты. Біздің әр азаматымыз бесігінде тербелген Жанамасын әманда ұмытпайды. Бүгін орнатылған еңселі арка – ауылымызды көріктендірген түлектердің  туған мекеніне шексіз ықыласы, сүйіспеншілігінің айшықты көрінісі. Қайда жүрсеңіздер де, амандық тілейміз, барша жерлестеріңнің атынан зор ризашылық білдіремін, – деді салтанатта көпшілікті құттықтаған Сарытоғай ауылдық округінің әкімі Абзал Әлжан.

Ол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Сансызбай Қабдоловпен бірге лента қию рәсімін жасады. Еңбек ардагерлері Амантай Биғалиұлы мен Шынарай Сүлейменовалардың игі тілектерін айтып, алғысын ақтарды.

Салтанатта сөз алған  түлектер қашанда елмен бірге екенін жеткізді. Шара ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері қойған концерттік бағдарламаға ұласты.

Асыл Қайрат,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале