29.05.2024, 23:51
Оқылды: 113

Бөкейде еңбектеген сәбилер сайысқа түсті

Еңбектейтін сәбилерді жарысқа қатыса алмайды деп кім айтты? 1 маусым –  Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандық «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Орда» спорт кешенінде «Babystart» атты еңбектеуден ауылішілік мини чемпионат өткізілді.

84529274-7b93-4a43-8dcc-198d31951d93

Бұл спорттық сайыстың ашылуына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков және ең кішкентай қатысушылардың жанкүйерлері арнайы келді. Үлгілі «Гүлдер» би ансамблінің бишілері өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды

– Бала – біздің болашағымыз, ертеңгі үміт артар жалғасымыз. Келешек еліміздің туын тік ұстар, білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің басты мақсат-міндеті. Ұл-қызымыздың осынау әдемі мерекесінде еңбектеген бөбектеріміз үшін де арнайы спорттық сайыстың өтуі керемет жаңалық, жақсы бастама деп білеміз, - деп сөз алған Тілеген Керейұлы қатысушы бүлдіршіндердің анасына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

63df1dc3-96d6-4f48-b38a-ebb88355f59b

Өз кезегінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып өтсе, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Есмағұлова бүлдіршіндерге арналған жарыстардың алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өтетінін қаперге берді.

f243d944-3958-47f6-838c-8f83d6b04fa9

Айта кетелік, аталмыш сайыста 8, 9, 10 және 11 ай аралығындағы 12 бөбек сынға түсті. Бірінші кезеңде сәбилер үлкен, орта және кіші топқа бөлініп, әуелі 6 метрлік қысқа шақырымға, кейін 10 метрлік ұзын шақырымға еңбектеп жарысты.

13160ce5-a469-479a-bb11-2e6bd63bcbec

Бір бала тез еңбектесе, енді бірі өте баяу қимылдайды, жатырқап, жылап, қимылдауға ерініп, отырып алғандары да бар. Жарыс сонысымен де қызық өтті. Бөбектердің сүйкімді қылықтарына көрермендер де, ата-аналары да мәз-мейрам болды. Сәбиін өзіне шақыру үшін түрлі амалдарды қолданып, жеңіске жету үшін барын салған аналар осындай сайыстар алдағы уақытта да жиі өткізілсе деген ниеттерін жасырмады.

550aae85-f184-4022-8f34-21a80ba65c42 (1)

Жарыс қорытындысы бойынша қатарластарынан алға суырылып шығып, пысықтығын танытқан 11 айлық Ерсұлтан Кеңес жеңімпаз атанса, екінші орынды 10 айлық Хамза Өтеген иеленді, ал үздік үштікті 10 айлық Нұрлыхан Бисембаев түйіндеді. Жүлделі орыннан көрінген сәбилердің аналарына сый-сыяпаттар мен алғысхат табыс етілді. Жарысқа қатысып, белсенділік танытқан барша қатысушыға да алғысхаттар мен тәттілер үйлестірілді.

3a37d3a9-b9a4-4010-bfd5-75491cb55ba5

– Еңбектеуден жарыс өтеді дегенді естігенде қуанып, бірден қатысамыз дедік. Бұрын-соңды мұндай сайыс өтпеген ауылымызда. Өте қызықты әрі көңілді сайыс екен. Декреттік демалыста отырған аналар бір сәт демалып, бір-бірімізді көріп, арқа-жарқа болып жатырмыз - деп ақжарма лебізін білдірді жеңімпаз сәбидің анасы Кенжегүл Қарамыс.

Нұрай Таубай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале