30.05.2024, 21:00
Оқылды: 75

Оқырмандармен кездесті

«Жайық Пресс» медихолдингінің сарапшысы, танымал ақын, жерлес Ғайсағали Сейтақ Бөкей ордасы ауданына арнайы келіп, оқырмандар қауымымен кездесті.

IMG-20240530-WA0040

Ғайсағали ағамыздың іссапары Саралжыннан басталып, Ұялы, Бөрліде жалғасын тапты. Ғайсақаң:

- Газет-журналға жазылу қарқыны сын көтермейді. Басым көпшілігіміз әлеуметтік желідегі жылт етпе жаңалықтармен шектелгенге мәзбіз. Ұға білген адамға БАҚ-та сараланған, салиқалы ой, салмақты сөз айтылады. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік екенін тарихтың өзі дәлелдеген, – деп басылым көтерген мәселелер мен БАҚ-тың қоғамдағы рөлі туралы айтып өтті.

«Газетпен масаны да, министрді де ұрып құлатуға болады» деп армян әзілкештері айтпақшы, нөмер сайын сын жазып, қоғамның мінін түзеп жатырмыз деп асылық айтудан аулақпын. Дегенмен, басылымда көтерілген жеке азаматтардың мәселесі оң шешімін тауып жататынын айтым келеді. Қазір басым көпшілігіміз бар мәліметті фейсбуктағы парақшадан оқып отырмыз ғой. Соның өзі жеткілікті емес пе?» деп жатады. Екі-үш жылдан кейін фейсбуктағы ақпаратты күндіз қолына шам алып іздесең де таппай қаласың. Ал газет – ертеңгі тарихтың бүгінгі қолжазбасы. Бүгінде екінің бірі ата-бабасы туралы кітап шығарып жатыр. Әулет тарихын түгендегені дұрыс-ақ. Сол кітапты жазуда атасы туралы мәліметті газеттің шаң басқан тігінділерінен іздеп, тауып жатады. Осының өзі сөзіме дәлел, – деді аудан үнжариясының редакторы Ұлпан Жакина.

Саралжындық ағайын ауа райы қолайсыз уақытта газет-журналдың айға бір келетінін айтса, мұғалімдер қауымы басылымға жазылым мәселесін оңтайландыруды сұрады.

IMG-20240528-WA0039

Ал, Ұялыдағы мектеп директоры Мәншүк Мұхамжарова шәкірлік ұстаздардың аудандық басылымды бір кісідей қолдайтындарын, «Орда жұлдызымен» тығыз байланыста екенін айтып өтті. М.Бегалиева атындағы мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Жанна Демеуова да мектеп мерейтойына қатысты шараларға, мектеп тарихына айқарма беттен орын беріп, ақпараттық сүйемелдеу көрсеткен аудан үнжариясына ризашылығын білдірді.

Кездесу Хан ордасы, Мұратсай мен Бисен ауылдарында жалғасып, аудан орталығында түйінделеді.

Сайқында Ғайса Ғали Сейтақ М.Мәметова және М-С.Бабажанов атындағы қос білім ордасының ұстаздарымен және аудандық аурухана ұжымымен кездесті.

IMG-20240530-WA0077 (1)

Кездесудің басында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов мейманға қош келдіңіз айтып, жазылым науқанына байланысты ақпараттармен таныстырды.

– Өздеріңізге мәлім, жазылымға науқанының аяқталуына да жиырма күндей қалды. Жазылым қарқынды жүріп жатырған жоқ. Әлі де сіздердің қолдауларыңыз қажет. Жергілікті басылымның ғұмырлы болуы оқырманына байланысты, - деді.

– Жұртшылықтың баспасөзге жазылу белсенділігі жыл өткен сайын өткір мәселеге айналып келеді. Әлеуметтік желінің қарқын алып, үлкен басымдыққа ие болғаны рас. Десе де әлеужелідегі ақпараттарды арнайы сүзгіден өткізіп, рас-өтірігіне көз жеткізбестен сене беруге болмайды. Бүгін басылып шыққан ақпарат, ертең жойылып кетуі де мүмкін. Жылдар өтсе де газет-журнал өз құндылығын жоғалтпайды. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың жылдық екенін уақыттың өзі мойындап, тарих дәлелдеп отыр. Газет болмағанда сонау 1911 жылы елімізде болып жатырған жағдайларды білер ме едік? Ол кезде жаңалық болып жазылған Ордадағы тұңғыш "Қазақстан" газетінің бетіндегі ақпараттар бүгінгі күні құнды деректер. Газетте жазылғанды ғаламтордан да оқып аламыз дейтіндер бар. Дегенмен, газетті рухани білімнің, тәлім-тәрбиенің қайнары деп есептейтін оқырмандарымыз жоқ емес,- деп ойын білдірген Ғайсағали Самиғоллаұлы газеттің өткені мен бүгіні жайында салиқалы әңгіме өрбітті.

Өз кезегінде М-С.Бабажанов атындағы мектептің директоры Фархат Мұқатов «басылым халық пен билік арасындағы алтын көпір болуы керек. Бүгінгі таңда жаңалықты көбі әлеуметтік желі арқылы оқып аламыз дейді, бірақ газеттің де маңыздылығын ұмытпауымыз керек", - дей келе ұстаздар қауымына жергілікті газетке қолдау танытуға шақырды.

IMG-20240530-WA0038

Дәл осы тақырыптағы жиын аудан әкімдігінде жалғасып, оны аудан басшысы Нұрлыбек Даумов арнайы жүргізді.

–Құрметті әріптестер, жазылым науқаны санаулы күндерден соң өз мәресіне жетеді. Ұзақ жылдардан бері ауданның бүкіл жаңалығын, тарихы мен танымдық бағыттағы ақпараттарды ұсынып, халықтың мүддесіне қызмет етіп келе жатырған басылымға қолдау көрсетуге асығайық. Бүгінгі шараға жоспар бойынша әлі де жазылу межесінен көріне алмай отырған ұжымдарды шақырдық. Бүгінгі күні «Ертөстік» балабақшасы, аудандық саз мектебі, кітапхана ұжымы секілді мекемелер газетке толық жазылып, үлкен іс атқарды. Сіздер де осы аталған ұжымдардан үлгі алып, маңызды мәселеде немқұрайлық танытпай, жазылымға белсенді атсалысуға шақырамын, - деді.

Анар Артықбай,

Арайлым Есмағұлова, 

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале