31.05.2024, 11:30
Оқылды: 133

«Атамекен» өнер ордасында сурет көрмесі ашылды

 «Атамекен» өнер ордасының ұйымдастыруымен Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, кескіндемеші Надежда Тихонованың мерейлі 75 жасқа толуына орай «Ұшырған құстарым» атты дербес сурет көрмесінің ашылу шарасы өтті. Мәдени іс-шараға қылқалам шеберлері, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.

444500739_2230133293995606_4444017220230943059_n

Шара барысында «Атамекен» өнер ордасы директорының орынбасары Талғат Мықи Надежда Ефимовнаны мерейлі жасымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ басқарма басшысы атынан алғыс хат пен гүл шоғын табыстады. Бұдан кейін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов ән шырқады. Одан әрі Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, кескіндемеші-педагог Сатыбалды Құлбеков, жоғары санатты ұстаздар Лиле Бондаренко мен Ольга Комарова құттықтау сөз сөйледі. Жиында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы директорының орынбасары Ақмарал Қанатқызы да ізгі тілегін білдіріп, сый-сияпат ұсынды.

445181654_2230133340662268_5965746935515728160_n

Салтанатты шарада сөз алған көрменің авторы Надежда Ефимовна:

- Бейнелеу өнері табандылықты, шеберлікті талап ететін күрделі сала. Бүгін мен өте қуаныштымын. Өнерімді сыйлап, өзіме құрмет көрсетіп келген жерлестеріме, жолымды қуған шәкірттеріме ақжарма алғысымды айтамын. Жақсы күндерде жолығайық! Еңбегімді бағалап, төл туындыларымызды төрге шығарып жатқан «Атамекен» өнер ордасы ұжымына рақмет! - деді.

Айта кетсек, Надежда Ефимовна – 1949 жылы Көкшетау облысының Субботинка селосында дүниеге келген. Кескіндемеші. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 1974 жылы В.И.Суриков атындағы Красноярск көркемсурет училищесінің педагогикалық бөлімін бітіріп, сол жерде 1988 жылға дейін бейнелеу студиясының меңгерушісі болып еңбек етті. 1988 жылы Орал қаласына келіп, пионерлер үйінің көркемөнер студиясына жұмысқа орналасады. 1989-2001 жылдары балалар көркемсурет мектебінің директоры, 2001-2010 жылдары С.Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебінің оқытушысы қызметін атқарды.

446651412_2230133183995617_8220217836199701020_n

Дарынды балаларға дәріс бере жүріп, шығармашылықпен кәсіби дәрежеде айналысқан. Қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі көрмелерге бірнеше мәрте қатысқан, соның 16-сы автордың дербес көрмесі. Түрлі конкурстар, шеберлік-дәрістердің дипломанты. Көркемсурет туындылары альбомдар мен кітаптарға, каталог, журналдарға енген. Картиналары – алыс, жақын шетелдердің жеке коллекцияларында, мұражайларда, қоғамдық мекемелерде сақтаулы.

Көрменің ашылу салтанаты жергілікті өнерпаздар Дамир Сатыбаев пен Айбар Хайырханов шырқаған Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді. Аталмыш «Ұшырған құстарым» атты дербес сурет көрмесін маусым айының соңына дейін тамашалауға болады.

Алтынбек Серікқалиұлы,

Орал қаласы

444481142_2230133230662279_5581344966291419886_n 444484239_2230133260662276_3147120628236349749_n 444487467_2230133153995620_5484872585505611526_n

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале