31.05.2024, 10:15
Оқылды: 102

Ақ халатты ақын 80 жасқа толды

Иә, ақ халатты, ақ жүректі Күнзиян (Гүлжиян) Амантайқызын — ақынжанды абзал да адал кісі екенін ауылдастардың бірі білсе, бірі білмейтіні рас. Оның аз болса да назды әрі нақты жазылған кейбір өлеңдері осы қалай деген ақындардың өлеңдерімен тең түсіп, тіпті, кей жағдайда оларды басып та озып жататын тұстарын кезінде біздер дәлелдеп-ақ жазған едік. Күнзиян (Гүлжиян) апай кез келген кісіні қарапайымдылығымен өзіне баурап, жасына қарамай жақын тұтатын. Оның алтын қолынан келмейтін нәрсесі жоқ деп айтсақ қателеспейміз.

IMG-20240531-WA0029

Бүгін оның туған күні. Күнзиян (Гүлжиян) Амантайқызы  80 жасқа толды.

Апамыздың қысқаша өмірбаянына көз жүгіртсек, Күнзиян (Гүлжиян) Амантайқызы — 1944 жылы 31 мамырда бұрынғы Жалпақтал (Фурманов) ауданы, Пятимар совхозы, №51 жылқы зауытнда дүниеге келген. Отбасындағы төрт баланың екіншісі. 1963 жылы мектеп бітіргесін құрылыста еңбек етіп, 1964 жылы Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал (Фурманов) ауданындағы медицина училищесінің филиалына оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1966 тәмәмдап,  еңбек жолын сол ауылдағы өкпе аурулары емханасына медбике мамандығы бойынша жұмысқа қабылданады. Сол жылдың қыркүйек айында Валериян ағамызбен дәм-тұзы жарасып отау құрып, 57 жыл бірге ғұмыр кешіп, үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Күнзиян (Гүлжиян)
Амантайқызы өкпе аурулары емханасында 12 жыл еңбек етіп, денсаулығына байланысты 1978 жылы  орталық емханадағы стоматолог дәрігердің көмекші медбикесі қызыметіне ауысады. 1993 жылы 29 жыл еңбек етіп зейнеткерлікке шығады.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолы бос уақытта өлең жазумен айналысатын апамыз өзінің негізгі жұмысынан бөлек газеттерге мақалалар, өлеңдер жазып жүрді. Күнзиян (Гүлжиян) апамыз осы қасиетінің арқасында «Шындықты газет шыңдайды», «Жер-Ана мен трактордың мұңы», «Заңның да өзі зарлайды», «Жалпақталым» деген тағы да басқа отты өлеңдері кезіндегі өңірімізге кең тараған «Жастық үні» газетінде тұрақты жарияланып тұрды. Апамыз 1986 жылы «Еңбек ардагері» медальімен марапатталды. Ол бүгінде ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырып, олардан 11 немере, 17 жиен, 2 шөбере сүйіп отырған ардақты ана, алақаны аялы абзал әже атанып отыр.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале