Елімізде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды түрде жалғасып жатыр. Акцияның мақсатына тоқталсақ, ауыл аумағын күтіп ұстау, ауланы жылан жалағандай тазалап, көшет отырғызу керектігін ұғынамыз. Ал Теректіде аталған акцияның жүзеге асуы қандай деңгейде? Ел біріккен науқанға селқос қарап жатқан жоқпыз ба? Бүгін аудан орталығындағы ағайын қызу еңбекке кірісіп, мемлекеттік қызметкерлер, мекеме, бөлім басшылары тал-терек отырғызуға жұмылды.
Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова Теректі аудандық спорт клубының маңындағы саябаққа тал егіп, ауданды жасыл желекпен құлпырту хақында өз ойымен бөлісті.
- «Таза Қазақстан» акциясына үн қосу - бәрімізге ортақ парыз. Айналамызды қоқыстан тазалап, таза ауамен тыныстауымыз үшін көшет отырғызғанымыз игілікті іс деп білемін. Ешкім қалыс қалмай, теректіліктердің ауданымыздың гүлденуіне үлес қосатынына сенемін,- деді аудан басшысы Әлия Биғазықызы.
Аталған саябақта аудан әкімдігі, аудандық мәслихат, ауыл әкімдігі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі және мәдениет қызметкерлері, Бейбітшілік көшесінде аудандық білім беру бөлімі, мектеп мұғалімдері, балалар шығармашылық үйінің ұжымы, өрт сөндіру бөлімі төбе көрсетіп, ажырамас бірліктің үлгісін көрсеті. Бірақ Зрелов көшесіне келгенде тіл тістедік. Өйткені бір тірі жан көрмедік. Бұл көшеге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жауапты екенін білген соң ауыл әкімдігінің көлік жүргізушісі ғимаратқа кіріп, мән-жайды сұрап шықты.
Тал-теректі қалай болса, солай отырғызып, көмуді естен шығарғанын көрдік. Теректі ауылының әкімі Армат Рыспаев мансап орталығы арқылы еңбек етіп жүрген жандардың көмегіне жүгініп, жұмысты соңына дейін аяқтаған. Сонда «Таза Қазақстан» акциясына аталған басқарма салғырт қараған-ау, шамасы... Армат Рыспайұлының айтуынша, науқанның соңғы күнінде 55 түп тал егілді. Енді оның жайқалуы сіз бен біздің қолымызда.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы