2.06.2024, 13:00
Оқылды: 90

Бірінші сұрайтыным – сапа! - дейді ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев

Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев келді.

IMG_1522

Қанат Бейсембайұлы әріптесі ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековпен бірге баспанасы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты.

Сырым ауданында бүгінгі таңда 114 үй бой көтеруде.
Бұлдырты ауылында 25 үй салынып жатыр. Оның 10-ы тың жерден бой көтерсе, 15 тұрғын жаңа баспананы ауласынан салуды сұраған. Құрылыс жұмыстары қарқынды.

- Біздің үй судың қыспағында қалды. Іргедегі сай тасыды әрі үйдің алдынан ағын су өтті. Баспанамыз бүлінді. 20 қой өлді. Оның өтемақысын үкімет қайтарды. Міне, көп уақыт өтпей мемлекет ауламыздан жаңа үйдің құрылысын бастады. Өзіміздік шаңырақ болғасын арагідік құрылысшы жігіттерге жәрдемдесеміз. Бірақ, мамандар өз істерін шебер атқаруда. Іргетас биік - ақ. Қабырғалары қалана бастады. Қызыл кірпіш үй көшеге өң беретін болды. Біз әзір салынбас деп едік! - дейді Достық көшесі #12 үйдің тұрғыны Тайман Төреғалиев.
Министр кейін Жымпитыға келіп, Өлеңтідегі құрылыстың басына соқты. Нысандарды Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов пен орынбасары, жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу бойынша комиссияның төрағасы Қайрат Төлепов таныстырды.

IMG_1549

Қанат Шарлапаев Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевке құрылыс қарқынын төмендетпеуді, шетелден келген жалдамалы жұмысшылардың құжат мәселелерін шешуді, жобалардың талапқа сай жүзеге асуын қадағалауды және ең басты мәселе - өңірге құрылыс материалдарын үздіксіз жеткізуді тапсырды.
- Мердігерлерден бірінші сұрайтыным - сапа! Үй халық үшін салынуда. Сондықтан, жұмыстарыңызға жауапты қараңыздар! Екіншіден - жұмыс күші ретінде мамандармен қатар ауыл адамдарын да тартқан дұрыс. - деді министр.
Айта кетейік, Сырым ауданындағы үйі тасқыннан зиян шеккендер үшін құрылысы басталған жаңа баспаналар “Қазақстан халқына” қорының қаржылай қолдауы арқылы салынуда.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале