Бөкей ордасында 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Рәміздер – тәуелсіздік тұмары» атты салтанатты Ту көтеру шарасы өтті.
Шара барысында мемлекеттік Ту көтеріліп, Гимн шырқалды. Жиналған көпшілікті Бөкей ордасы әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов құттықтап, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
– 1992 жылы дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Гимн бекітілді. Тәуелсіз елдің дәл осы атрибуттары мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін бейнелейді. Ата-бабамыздың аңсап кеткен арманы мен азаттық идеяларын бойына сіңірген тәуелсіздігіміздің осы үш нышаны қазақстандықтарға рух береді. Отанымыздың рәміздерін құрметтеу және қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздеріміздің мәртебесі биік болсын, - деді Біржан Нұрланұлы.
Айтулы күні аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ақсәуле Әлжанова
zhaikpress.kz