Елімізде халықтың ақшасын алаяқтардан қорғайтын антифрод-орталық құрылады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі мәлімдеді.
Сурет: inbusiness.kz
«Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) «Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректермен алмасу орталығының қызметін және оның қызметіне қатысатын тұлғалармен өзара іс-қимылын жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚҰБ Басқарма қаулысының жобасы (бұдан әрі – Жоба) әзірленгенін хабарлады.
Ол қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қосылатын технологиялық платформа болады.
Платформа тиісті таңбаланған күдікті операцияларды қоса алғанда, алаяқтық операциялар бойынша нақты уақыт режимінде қаржы нарығының субъектілері арасында деректер алмасуды қамтиды.
Антифрод-орталықтың міндеті – азаматтардың қаражатын алаяқтық операциялардан қорғауды қамтамасыз ету, алаяқтық операцияларға жедел шара қабылдау және оларды уақытында бұғаттау», делінген мәлімдемеде.
Жоба, 22 шілдеде цифрландыру мәселелері жөніндегі тиісті Заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап іске қосылады.
Айта өтейік, жобаның толық мәтінімен Ашық нормативтік-құқықтық актілердің ресми интернет-порталында және ҚҰБ сайтында танысуға болады.